САЙРАМ АУДАНЫ 600 ТОННАҒА ЖУЫҚ ЕТ ЭКСПОРТТАДЫ
Өткен жылы Түркістан облысында барлығы 230 мың тонна ет өндірілген. Биыл өңір шаруалары бұл көрсеткішті 241 мың тоннаға жеткізуді межелеп отыр.
Облыс бойынша ет өнімін өндіру ісі Сайрам ауданында жақсы дамыған. Сансыз баптар мекені саналатын ауданда былтыр 36 мың тонна ет өндірілген.
Төтенше жағдайға қарамастан аталған ауданның шаруалары ет өндіру ісін өз деңгейінде жүргізіп келеді. Қазіргі таңда аудандағы шаруалардың жұмысы қызған. Нәтижесінде Сайрам ауданы ағымдағы жылдың І-тоқсанында Өзбекстан, Иран, Ресей мемлекеттеріне 465 бас мүйізді ірі қара мал, 75 бас жылқы, 57 бас уақ малды тірідей және 506 тонна сиыр етін, 71,4 тонна қой етін сойыс салмағында экспорттаған.
Сайрамдық шаруалар экспорттан бөлек, еліміздің үш ірі мегаполисін ет өнімдерімен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ олар, Түркістан облысы мен Қарағанды, Тараз, Ақтөбе қалаларына да ет өнімін жеткізуде.