ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫН ТАРТҚАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Коронавирус індетіне қарсы күрес шарасы ретінде енгізілген карантин режимі кезінде көптеген елдерде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері екі есеге көбейген.
Бұл туралы деректі БҰҰ-ның бас хатшысы дабыл қағып мәлімдеді.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Əйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия БҰҰ қорымен бірігіп «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі» жадынамасын дайындады.
Жадынамада әйелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туындаса немесе орын алса қандай қадамдарға баруы қажеттігі түсіндірілген.
Соған сәйкес, әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылықпен бетпе бет келсе, уақыт жоғалтпай, тез арада 102 нөмірін теріп, полицияға хабарласып, ауызша арыз түсіруге болады. Немесе qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн-арыз қалдыра алады. Құқық бұзушыға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерінің тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалған жерге келулерін талап етуге құқылы екеніңізді қаперден шығармаңыз.
Егер Сіз жарақат алған болсаңыз 103 нөмірін теріп, жедел жәрдем көмегіне жүгініңіз. Сондай-ақ, полиция қызметкерінен сот-медициналық куәландыруға жолдама алыңыз. Бұдан бөлек, 150 тегін нөмірі немесе +77081060810 нөмірі (WhatsApp), www.telefon150.kz сайты арқылы тәулік бойы жұмыс жасайтын балаларға, жастарға және зорлық- зомбылық көріп отырған адамдарға арналған ұлттық бірыңғай сенім телефонына хабарласыңыз. Ол жерде сізге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп, учаскелік инспекторлардың, дағдарыс орталықтарының және басқа да қажетті ұйымдардың байланыс телефондарын беріледі.
Хабарласудың құпияда болуына кепілдік беріледі.
Аймақтардың барлығында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Өміріңіз бен денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда Сіз осы орталықтардан уақытша баспана сұрай аласыз.
Еліміздің әр аймағында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Ол жерде Сізге кеңес беріліп, қажетті қолдау көрсетілетінін ұмытпағайсыз.