КӘСІПКЕР АУРУХАНАҒА ТЫНЫС АЛУ АППАРАТЫН ТАРТУ ЕТТІ

 

Түркістан облысы бойынша 49 адамда коронавирус індеті байқалған. Облыс бойынша сырқатты жұқтырудың басым бөлігі Жетісай ауданында тіркеліп отыр. Мақтарал ауданында да 4 адам коронавирусты жұқтырғаны белгілі. Бұл ретте аудандағы ақ халаттыларға үлкен сенім мен жауапкершілік артылып отырғаны белгілі.

 

Мырзашөл өңіріндегі ақ халаттылар жұмысының барынша нәтижелі болуына үлес қосу мақсатында жергілікті кәсіпкерлер қолдан келер көмегін көрсетуде. Соның бірі «Астана Строй-Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры аудандық «Мырзакент» және «Атакент» ауруханаларына жедел медициналық қызмет көрсетуге арналған құны 2 жасанды тыныс алу аппаратын сыйлады. Жергілікті кәсіпкер сыйға тартқан құрылғының құны 1 миллион теңге.

«Мырзакент» ауруханасының бас дәрігері Берік Нағашбекұлы кәсіпкердің бұл жомарттығы нағыз дер шағында жасалған тарту болғанын айтып, оған алғыс білдіруде. Өз кезегінде ол «Коронавирус асқынған жағдайда өкпедегі тыныс алу жолдарын зақымдайды. Салдарынан науқасқа оттегі жетіспей, қиналады. Міне, осындай жағдайда тыныс алу аппаратының маңызы зор. Қазір көптеген елдерде дәл осы аппараттың жетіспеушілігінен COVID-19 вирусын жұқтырған біраз науқас көз жұмып жатыр», — деді.