СОЗАҚТА САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Түркістан облысы, Созақ ауданында коронавирус індетімен күрес бойынша сақтық шаралары күшейтілді. Аудан әкімі Салыхан Полатовтың тапсырмасына сәйкес бірқатар нысандарға зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда Созақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі және аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандарының қатысуымен аумақтағы адам көп жүретін негізгі көшелер, аурухана мен дәріханаларға дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Бұл жұмыстардан бөлек, дауыс зорайтқыш арқылы ауылдар мен елді-мекендерде әрбір тұрғынның жеке бас гигиенасын сақтауы, індеттен қорғану үшін үнемі маска тағып жүру қажеттігі, қолын жиі жуып, қажетті жағдайларда антисептикпен өңдеп отыруы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімі мұндай сақтық шаралары жүйелі түрде өткізілетінін мәлімдейді.
Айта кету керек, Созақ ауданында коронавирус індеті бүгінге дейін тіркелген жоқ.