КҮНГЕЙДЕ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСЫ ҚЫЗЫП ТҰР

 

Түркістан облысында егістікті әртараптандыру жұмыстарына сәйкес өткен жылмен салыстырғанда картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 3,2 мың гектарға артып, 122 мың гектарға жетті. Ал мал азықтық дақылдар 11,6 мың гектарға көбейіп, 213 мың гектарды құраған. Масақты дақылдар 4,8 мың гектарға қысқартылып, 226,9 мың гектар, мақта дақылы 12,7 мың гектарға азайып 118 мың гектарға егілген.

 

Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде мәлімдеді.

Басқарма басшысы көктемгі дала жұмыстарының өз деңгейінде орындалып жатқанын айтып, осы бағыттағы жұмыстарды былай деп саралады.

Биыл облыста егіс көлемін 825,4 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Бүгінде 424 мың гектар аумақта жер айдау жұмыстары жүргізілді. Сор шаю жұмыстары 105 мың гектарға немесе 93,0%-ға атқарылды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 37 мың тонна жанармай бөлінді. Әр литрі 160 теңгеден белгіленген. Бұл нарықтық бағадан 25 теңгеге арзан. Техникалардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы 97%-ды құрап отыр.

Осылай деген басқарма басшысы тауар өндірушілер дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілгенін де атап өтті.

Оның сөзінше, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан 5,3 млрд. теңге несие қаржы қаралған. Бүгінде 2,6 млрд. теңгеге 654 жоба мақұлданып, 1 млрд. теңгемен 112 тауар өндіруші қаржыландырылған.

Былтыр өңірде еңбек өнімділігін арттыру мақсатында «Бір алқаптан жылына екі-үш рет өнім алу» жобасы қолға алынған-тын. Соның негізінде 3 млрд. теңгеге 107 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 9 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан өнім өткізу нарықтарын айқындау мақсатында барлық өңір әкімдіктерімен арнайы меморандум түзілді. Соған сәйкес еліміздің өзге өңірлеріне 50 мың тонна және Ресей Федерациясына 250,0 мың тонна өнім сату жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде бірқатар облыстарға 67 тонна қырыққабат, 444 тонна қызанақ, 453 тонна қияр жөнелтілді.