ҚЫЗМЕТТЕРДІ ЦИФРЛАНДЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Кәсіпкерлер саны жағынан Түркістан облысы республика бойынша екінші орынға шығады. Қазіргі таңда облыста тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 141 мыңды құрайды. Ендігі кезекте олардың барлығы POS-терминалдармен толық қамтамасыз етілуі қажет. Бұл тұтынушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, көлеңкелі бизнестің жолын кесуге де көп көмегін тигізеді.

 

Түркістанда өңірдегі екінші деңгейлі банк, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, Ұлттық Банктің Түркістан облысы бойынша филиалы, Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаменті және «Қазпошта» АҚ өкілдерінің қатысуымен өткен кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев осылай деді.

Өз кезегінде бұл талап ҚР Президентінің барлық қызметтерді цифрландыру жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынып отыр. Осыған орай қазірдің өзінде өңірде тиісті жұмыстар қарқын алып, көптеген ұйымдарда POS-терминалдар орнатылып, азаматтардың өздеріне қызмет көрсету мүмкіндігі артқан.

Жиында банктердің өтінішті ресімдеу және терминалдарды жеткізу мерзімі 2 аптадан 2 айға дейін созылуы немесе 1-3%- ға дейін жоғары комиссиялық тарифтер кәсіпкерлер үшін тиімсіз болуы POS-терминалдарсыз жұмыс істеуге тура келетін жағдайлар екені атап өтілді.

Аталған кеңесте Мейіржан Мырзалиев осы мәселеге тоқтала келе, «дегенмен, төтенше жағдай кезінде цифрландыру жүйесінің жоғары деңгейде болғаны халықтың қауіпсіздігі үшін аса маңызды болып отыр. Сондықтан, бекітілген «Жол картасына» сәйкес мемлекетке ведомстволық бағынысты коммерциялық емес және коммерциялық ұйымдар, балабақшалар, мектептер, қоғамдық орындар секілді мекемелер басым түрде цифрландырылатын болады. Халық үшін жайлылық жасау біздің басты міндетіміз»,-деді.

Сондай-ақ ол, жауапты ұйым басшыларына осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.