ЖЕТІСАЙ ӨНІМДЕРІ РЕСЕЙГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ
Биыл қыстың бел ортасында дәлірегі, қаңтарда жетісайлық диқандар қырыққабат егуді қолға алған. Жер-анадан несібе тапқан егіншілер қырыққабаттың 70 күнде пісетін Магнус және 60 күнде пісетін Фарао сорттарын еккен болатын. Диқандардың жер баптауға жайсыз қыс мезгілінде еткен еңбектері еш болмады. Таяуда олар алғашқы өнімдерін алды. Енді табысқа қол жеткізетін күн де алыс емес.
Себебі, ерте пісетін қырыққабаттан сәуір-мамыр айларында 300 мың тоннаға жуық өнім жинау жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде жетісайлық диқандар қырыққабат өнімінің алғашқы 50 тоннасын көрші Ресей елінің Воронеж, Санкт-Петербург, Уфа қалаларына жөнелтті. Бұдан бөлек Жылы Су ауылдық округінің диқандары да өздері өсірген қырыққабат өнімін еліміздің Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына тасымалдауға кірісті.
Аудан бойынша 11361 гектар аумаққа бақша дақылдары егілсе, 1500 мың алқапқа көкөніс егілген.
Ал ауылшаруашылық өнімдерін тең-тең ғып артқан жүк көліктерінің елімізде жарияланған төтенше жағдайларға байланысты жол қақпаларында қойылған блок-бекеттерден кедергісіз өтуіне де жағдайлар жасалған.