МҰНАЙ ӨНІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС КҮРТ КЕМІГЕН

 

Қазақстанда мұнай өнімінің негізгі түрлері бензин мен дизель отынына сұраныс 40 пайызға төмендеді. Ал, авиациялық отынға сұраныс 70 пайызға азайған. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тапсырыстың айтарлықтай азаюын коронавируске байланысты еліміздің ірі қалаларында карантин режимінің енгізілуімен байланыстырады.

 

Нәтижесінде республикадағы 4 мұнай өңдейтін кәсіпорын атап айтқанда, «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Павлодар мұнай-химия зауыты», «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» (Шымкент МӨЗ-і) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «CASPI BITUM» БК» ЖШС битум зауыты ең төменгі қуатпен жұмыс істеуде. Дей тұрғанмен зауыттар өз қызметтерін жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетсек, 13-сәуірдегі мәліметтер бойынша әлемде АИ-95 маркалы бензиннің бір литрінің орташа бағасы 0,95 АҚШ долларына немесе 404,5 теңгеге тең.

Ал Қазақстан әлемдегі бензин құны ең арзан ТОП-15 елдің қатарына кіреді. Ranking.kz сайты жүргізген зерттеу бойынша дүниежүзіндегі ең арзан бензин Венесуэлада тіркелген. Бұл мемлекетте АИ-95 маркалы бензиннің 1 литрі біздің валютамен шаққанда 1 теңгеден де де төмен. Мұнай өнімінің бұл түрінің біл лирті Иранда 39,2, Суданда 59,6 теңгеден босатылады. Бұл тізімде Қазақстан 11-орынға тұрақтайды. Елімізде АИ-95 маркалы бензиннің бір литрінің орташа бағасы 174 теңге. Бұл ТМД елдері бойынша ең төменгі баға саналады. Мысалы, Ресейде АИ-95 бензинінің бір литрі 265,8 теңгені, Түрікменстанда 183,4 теңгені, Әзербайжанда 201,4 теңгені, Қырғызстанда 230,2 теңгені құрайды.