ЕҢ КҮШТІ АДАМ немесе ұстазға тағзым

Өмірдегі адамдық парыздың бірі -ұстазды құрметтеу екені белгілі. «Адамның адамдығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы дана Абай да бекер айтпаса керек. Ауылдағы елге сыйлы адамдардың қашанда орны бөлек. Халықтың ілтипатына бөленген сондай жанның бірі, ұстаздардың ұстазы атанған Ысқақ Әбдіқайым Сұлтанұлы. Жарты ғасырға жуық жас ұрпақ тәрбиесімен айналысып, оның 30 жылын Ордабасы ауданы Бөржар әкімшілігіне қарасты Абай атындағы орта мектепте басшылық еткен.

 

Тура 19 наурызда 85 жасқа толған тыл, еңбек және халық ағарту саласының ардагері, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі, Ордабасы ауданының Құрметті Азаматын құттықтап қайтуды біздер жөн санадық. Біздер дегеніміз Түркістан қаласынан Қазақстан педагогика акедемиясының профессоры, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі Әлима Пашанова, Түлкібастан мәдениет майталманы, ақын Бақытжан Байжұма және осы жолдардың авторы. Қара шаңырақта республикаға белгілі «Еңбек әулетінің», мұғалімдер династиясың басшысы керемет жайдары көңіл күймен қарсы алды.

Әбдіқайым көкеміз өте салмақты, сабырлы, мәдениетті, үлкенмін деместен кішінің сөзін бөлмейтін, өз білгенін ерінбей ізгілікпен жеткізетін тұлға. Дәл осы күнге дайындалған мерейтой төтенше жағдайға байланысты тоқтатылыпты. Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылуына орай үлкен ұлы, белгілі қоғам қайраткері Әкім Ысқақтың ұшақ билетін қайта тапсыруына тура келген. Бәрінен де бұл әулет перзенттерінің тәрбие көрген, тағылымды мінездері қатты ұнайды. Осы әулеттен ата жолын қуған 20 мұғалім шыққан екен.

Ешуақытта өзін биікпін демеген көкеміз қанша ел құрметтісі атанса да мансапқұмарлық, тәкаппарлық дегенді мүлдем білмеген жан.

Ұстаз екендігін нұр шырайлы жүзінен, өнегелі әрбір сөзінен байқалып тұрды. Біреуді артық, біреуді кем санамай, жұрттың бәрін құрметтейтін ұлағатты қазынаны көрдік. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінің арқасында 30 жыл білім ұясын республика көлеміне танытқан басшының үстінен бірде бір рет арыз айтылып, шағым жасалынбаған екен. Бала жандүниесіне ұстаздықтың, адамдықтың сәулесін аямай себе білген білім саласының қайраткеріне: «Сіздегі қасиеттің сыры неде?»-деген сауал қойдым.

«Айналайындарым, іздеген көңілдеріңе ризамын. Бірнеше жерден мектеп салған, ауылдағы «алтын ұяны» ауылдастарын жинап, өз қолымен тұрғызған, оған Абай есімін елімізде алғаш бергізген Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі атанған, Ұлы Отан соғысының ардагері, әкеміз Сұлтан Ысқақұлының «Ең күшті адам-ешкімді қызғанбайтын, қиянатқа бармайтын, жақсылық жасай алатын, өзгенің қателігін кешіре білетін адам» деген өсиеті бар болатын. Осы қағиданы басты назарда ұстауға тырыстық» деп жауап берді. Қарапайым ғана, жымиып қана тіл қататын осынау қасиетті тұлғадан шынайы мейірімділік пен жылылықтың шапағатын сезінбеуіңіз мүмкін емес.

Мына сөзі кәдімгідей маған ой салды. Парламент тарихында аты алтын әріппен жазылған, тұңғыш қазақ тіліндегі заңның авторы Әкім Ысқақтай ұлды тәрбиелеген ардақты әкеге, ел ықыласына бөленген нар тұлғалы қария ұстазға айтарымыз мың алғыс. Ұлдары мен қыздары, келіндері Кәрім-Зағипа, Забира, Гүлжан, Гүлмира, Ғали-Қарлығаш, Сакен-Гүлжазира, Нұрдәулет-Забираның ынтымақтары жарасқан, бір-бірін іштей ұғысқан тәрбиелігіне тәнті болдық. Бұл да өмір азығын, көңіл жазығын сыйлаған ата, әке өнегесі екені айдан анық. Сол күні ауа райы да көңіліміздің райындай жарқырап тұрды. Өрік гүлдепті. Кезінде Президентіміздің өзі Алғыс хатын жолдаған ардақты ардагерге «Қазақстанның ұлағатты ұстазы» медалімен марапатталғанын жеткізіп, табыс еттік. Ақын Бақытжан Байжұма жырдан шашу шашып, кеудесі алтын сандық көкемізге өлең арнады. Біз қазақтың салтымен иығына шапан жаптық.

Ұлағатты ұстаздың сонда берген «Нағыз бақыт — өзге үшін өмір сүруің, ұрпақтарыңа қуаныш сыйлай білуің! Сендерге осы бақытты тіледім» деген батасын біздер қуана қабылдадық.

Жапондарда «Күлкі естілген үйге бақыт келеді» дейді екен. Қарашаңырақтағы шөберелерінің шат күлкісі атасына күш-қуат беретінін аңғардық. Бақытты отбасыны, абыз ақсақалды, нағыз ұстазды көріп, осылай ақ батасын алып, мерейіміз өсіп қайттық. Өзі айтпақшы біз сол күні нағыз мейірімге толы, жанжылуы ерекше Күшті адамды көрдік!

 

Роза Есенгельдиева,

Шымкент қаласы.