«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУДЕГІ» ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ

Былтыр Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жобасы қолға алынған болатын. Соған сәйкес жалпы көлемі 8000 гектарға жуық аумаққа көшеттер отырғызу 2019-2021 жылдар аралығына белгіленген.

 

Белгіленген жоспарға сәйкес «Жасыл белдеу» аумағы 32 секторға бөлінген. Оның әр секторына облыс бойынша аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары жауапты болып бекітілген. Қазіргі таңда барлық секторларда бекітілген іс-шара бойынша қызу жұмыстар жүруде.

Осы аптада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаланың абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тексеру кезінде «Жасыл белдеудегі» шаралармен де танысты. Қазіргі таңда ол жерлерде жеміс ағаштарын, соның ішінде алма мен алмұрт, өрік пен шие көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын отырғызылатын көшеттер алаңы ұлғайып, көне шаһар жасыл қалаға айналып келеді. Қаланы бау-бақшаға бөлеуге бау баптаған бағбандар да атсалысуда. Өз кезегінде бұл белдеу қаланы жел эрозиясынына сақтап, көгалдандыру мақсатында қолға алынуда. Өмірзақ Естайұлы онда егілген көшеттердің суарылуына аса мән беруді қадап айтты. Сонымен қатар ол, «Шаһар тұтастай көгалдандырылады. Түркістан нағыз жасыл қалаға айналып келеді. «Жасыл белдеу» — халықтың таза ауамен тыныстануына мүмкіндік беретін «өкпесі» болады. Бұл жерде қаланы желден, шаңнан қорғайтын көпжылдық ағаштар отырғызылды. Бұл келер ұрпағымыз үшін де өнеге болып қала бермек. Жалпы, қалада саябақтар мен гүлзарлар көбейіп, ел игілігіне берілген. Тұрғындар тазалықты сақтауды өз ауласынан бастап, жанашырлық танытса, бүгінгі жасалып жатқан дүниелер баянды болары сөзсіз», — деді.