УХАНЬДА КАРАНТИН РЕЖИМІ АЛЫНДЫ

 

Әлемді алаңдатқан коронавирус індетінің ошағы Ухань қаласы изоляция режимінен алынды.

 

Мұндай шешімді Қытай билігі қабылдады. Хубэй провинциясының орталығы қаңтар айынан бері толық изоляцияда болған-тын. Ағымдағы жылдың 8 сәуіріне қараған түні қала ашылды. Ресми дерекке сәйкес 7 сәуірде мұнда ешкімнен вирус табылмаған.

Қаңтар айынан бері карантинге жабылған қалада қоғамдық көліктер тоқтатылған болатын. Барлық оқу орындары жабылып, тұрғындардың рұқсатсыз қаладан шықпауы қатаң қадағаланған.

Қазіргі таңда қала тұрғындарының тіршілігіне қойылған мұндай шектеулер алынып тасталған. Енді ондағы халық провинция аумағынан шыға алады. Қытай билігі жақын арада әуе қатынасы қайта қалпына келетінін айтуда.

Жалпы қалада карантиндік режимнің алынатыны туралы ақпарат наурыз айының соңында мәлімделген.

Қазіргі таңда Қытай елінде COVID-19 вирусының таралуы төмендеген. Эпидемия басталған уақыттан бері 82 мыңнан астам адамға вирус жұққан. 3200-ден астам адам көз жұмған. Аурудан жазылғандар саны 78 мыңға жуықтаған. Бірақ кейбір сарапшылар Қытай елі вирусты жұқтырғандар саны мен одан қаза болғандардың қатарын азайтып айтады дегенді алға тартып жүр.