ТӨЛЕБИДЕ ТІГІЛГЕН БЕТПЕРДЕЛЕР ТЕГІН ТАРАТЫЛАДЫ

 

Түркістан облысында коронавирус індетінің таралуын шектеу үшін маскалық режимнің маңыздылығы бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

 

Осыған орай азаматтар дәріханаларда бетперделердің жоқтығына орай, сақтық шараларын сақтамауына жол бермес үшін, әрбір аудан, қалаларда көптің көмегімен тігілген бетперделерді тегін тарату шарасы қолға алынуда.

Мұндай игі іс Түркістан облысы, Төлеби ауданында да қолға алынды. Аудан әкімдігінің бастамасымен 63 мыңнан астам бетперде тігілді. Оның 48 мың данасын мектептер мен колледждердің ерікті мұғалімдері тіксе, 15 мың данасын ИЧ-167/9 мекемесіндегі жазасын өтеушілер дайындады.

Қазіргі таңда дайын болған бетперделердің барлығы кезең-кезеңімен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарттарға, аудан көлеміндегі дәріханаларға, жалпы мекемелерге және орталық базардағы тұрғындарға тегін таратылатын болады.

Вирустан қорғанудың негізгі құралы болып табылатын бетперделерді тігу үшін қажетті материалдар аудан әкімдігі тарапынан қамтамасыз етілген.

Төтенше жағдай кезінде медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін атқарылатын мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасатын болады.