ІНДЕТТІҢ АЛДЫҢҒЫ ШЕБІНДЕ ЖҮРГЕН  МАМАНДАРДЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ МИЛЛИОНҒА ЖЕТЕДІ

 

Миллиардтаған адамның алға қойған жоспарын тас-талқан еткен коронавирус індетімен күрес жұмыстарының алдыңғы шебінде дәрігерлер жүргені белгілі. Вирустың таралуын шектеу мен науқастардың сауығып кетуі үшін үй бетін көрмей еңбек етіп жүрген қазақстандық ақ халаттыларға үш санат бойынша жалақысына үстеме қосылатын болады.

 

Үкіметтің бұл шешімі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қабылданып отыр.

Енді коронавируспен күрес шараларының бел ортасында жүрген бірінші топтағы дәрігерлердің жалақысына қосылатын үстемақы айына 850 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 1 млн теңгенің үстінде еңбекақы алады. Бұл топтағыларға реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар станционарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері кіреді.

Ал провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлер кіретін екінші топтағылардың үстемақысы айына 425 мың теңгені құрап, нәтижесінде олар айына шамамен 600 мың теңге алатын болады.

Үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары жатады. Олар айына 212 мың теңге үстемеақы алады. Сөйтіп олардың бір айдағы еңбекақысы негізгі жалақымен қоса есептегенде шамамен 380 мың теңгеге жетеді.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев үстемеақы алатын бірінші санаттағы мамандар саны -3 284, екінші санаттатағылар-11 951, үшінші санаттағылар-10 994 қызметкерді құрайтынын мәлімдеді.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.