АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ БАҒАСЫ БИЛІКТІҢ АЙТҚАНЫНДАЙ ЕМЕС, САУДАГЕРЛЕРДІҢ ДЕГЕНІНДЕЙ БОЛЫП ТҰР

 

Апта ішінде Шымкент қаласының әкімі төтенше жағдай режимі бойынша қолға алынып жатқан сақтық шараларын пысықтап, тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды саралады.

 

Ол саудасы қызған бірқатар азық-түлік базарларын аралады. Ондағы сақтық шараларының сақталуын пысықтады. Өз сөзінде ол азық-түлік бағасын негізсіз өсіріп, тазалықты сақтамаған базарлар жабылатынын қадап айтты.

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың «Жібек жолы», «Қазыбек» базарларында болып, ондағы саудагерлермен жүздескені ресми ақпарат көздерінде хабарланды. Сондай-ақ, хабарламаларда аталған базарларда картоп бағасы 60 теңгеден басталып 130 теңгеге дейін, пияз 60- 90 теңге аралығында, сәбіз 40 -100 теңге аралығында сатылып жатқандығы мәлімделді. Сондай-ақ онда, қырыққабаттың келісі 45-90 теңгеден, қызылша 70-100 теңгеден, тұрып 45-80 теңгеден сатылып жатқандығы, мұны саудагерлерде, сатып алушылар да растап отырғаны мәлімделді.

Бұл жаңалыққа төтенше жағдай жарияланғаннан бастап, күн сайын азық-түлік бағасы аспандап кеткенін көріп жүрген былайғы жұрт аса сенім танытпады. Көпшілігі жоғарыда айтылған бағалар саудагерлердің әкім алдындағы «көзбояушылығы» екенін жарысып жазды.

Сонымен қатар, шаһар басшысының қала аумағындағы талай көкөніс пен азық-түлік сататын сауда қатарларын назардан шығарып, тап осы екі базарды ғана бақылауға алғанына түсінбестік танытқандар да болды. Бұқараның бұл өкпесі орынды. Себебі, қаладағы бірқатар сауда қатарында азық-түлік бағасы күрт өскен. Мәселен, «Бекжан» автовокзал маңындағы «Барыс» сауда қатарындағы саудагерлер «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегеннің нақ өзі болып отыр десек те болады. Жайма орындарда да дүкен сөрелерде де өнімнің шекесіне жазылған баға жоқ. Барлығын саудагерлерден сұрап білесің. Бұл төтеннен билік өкілдері келіп қалған жағдайда «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» бағаны айтып, олар кеткеннен соң, қарапайым халыққа ойдағы бағаны айту үшін жасалған қулық сынды болып сезіледі бізге.

«Өзіміз қымбат бағада алып жатырмыз» деген сол шіркіндер картоптың бағасын бір келісі үшін 180, сәбізді 180, пияз бен қырыққабат бағасын 150 теңгеден саудалап отыр. Өсімдік майының 1 литрін 550 теңгеге жеткенін де тап осы жерден көріп білдік. Оған қарсылық білдіріп жатқан халық жоқ. Олардың ішінде өзімізде бармыз. Қарсы болғаннан не пайда, бәрібір де биліктің айтқаны емес, саудагерлердің дегені болып тұрса.

Апта ішінде Мұрат Дүйсенбекұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер сақталған ірі қоймаларды да аралап шықты. Қала басшысы тұрғындарға азық-түлік қоры жеткілікті екенін тағы да ескертті.

Бұл ақпарат алдағы күнге алаңдаған халық үшін жұбанышты жаңалық. Бірақ азық-түлік бағасының шарықтап кеткені көңілге медеу болмай отыр.

 

А. САТЫБАЛДЫ.