Президент мәлімдемесін ел болып қолдаймыз!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жариялаған болатын. Президент өз мәлімдемесінде әлемде, елде болып жатқан жайларды баяндай келе мемлекет тарапынан болатын қолдауларды да атап өтті.

Еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалаларында және облыс орталықтарында карантин режимі енгізілді. Бүгінде дәрігерлер халыққа адам көп шоғырланатын орындарға, той-жиындарға бармауды, үй жағдайында тазалық сақтауды және де антисептикалық құралдарды жиі пайдалануға кеңес беруде. Ең бірінші кезекте халықтың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайы саналады. Осы орайда Президент өз мәлімдемесінде елде болып жатқан жайларды баяндай келе:

-Карантинге байланысты елорда, Алматы және Шымкент қалалары төңірегінде еңбекке жарамды, бірақ жұмыссыз қалған азаматтардың саны арта түсті. Бұл, ең алдымен, жастарға қатысты.

Үкімет пен әкімдер «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында аталған өңірлерде нақты жобаларды жүзеге асыруды дереу қолға алуы қажет.

Азаматтарымыздың табыс көзі болуға тиіс. Олар күнін көре алмай құрсауда қамалып отырмауы керек.

«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтарға ең төменгі мөлшердегі екі жалақы немесе 85 000 теңге төленеді. Мұны олар бірден жұмыс орнына келген кезде алады.

Бұл тұрақты жалақысы емес, соған қосымша ретінде беріледі.

Осыған орай арнайы мобильді орындар ашылып, әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, коронавирусқа қатысты экспресс-тест алып, жұмысшыларды жұмылдыруды және жаңа жұмыс орнына дейін жеткізуді ұйымдастырады.

Жұмыс берушілер «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша еңбек ететіндердің бәріне лайықты жағдай жасап, қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге тиіс-деді.

Медицина мамандарының айтуынша инфекция көп жағдайда ауру адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа тамшылары арқылы тарайды; тұрмыстық байланыс арқылы: жеке байланыс, (жанасу, қол алысу, залалды объектіде болу немесе бетті тигізу). Вирус өзі ағзадан тыс ұзақ өмір сүре алмайды және бірнеше күн ішінде жойылып кетеді.

Мамандар кеңесіне құлақ асар болсақ: қол және тыныс алу жолдарының гигиенасын сақтау, қолды 20 секунд бойы сабынмен мұқият жуу, сабын болмаса, антисептиктерді, спиртті, санитайзерлерді қолдану; иммунитетті арттыру: дұрыс ұйықтау, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу; бөлмені желдету; жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүрту; тынысалу органдарының шырышты қабығы қабынған адамдармен қарым-қатынас жасамау; коронавирус тіркелген, қауіпті аймақтарға сапарға шықпау; адам көп жиналатын жерлерден алшақ болу.

Осы орайда біздің ауданымызда да төтенше жағдайға байланысты ауданға кіретін, шығатын үлкен жолдарға арнайы бекеттер қойылып, онда медицина, полиция, төтенше жағдай бөлімінің мамандары күндіз-түні қатаң қадағалау жүргізіп жатыр. Мұның барлығы елдің денсаулығы, жұрттың амандығы үшін жасалынып отырған жағдай деп түсінуіміз қажет.

Бүгінде ауданымыздағы тойханалар, дәмханалар, сауда орталықтары бекітілген шектеулі уақыт аралығында ғана жұмыс жасап жатса, компьютерлік, ойын-сауық орталықтары жұмыстарын тоқтатты. Медицина қызметкерлері ауылдардағы әрбір үйге арнайы барып тексеріп, еліміздің үлкен қалаларынан келген қонақтар, студенттердің бар-жоғын анықтап, тыңғылықты жұмыстар атқаруда.

Ал, аудан орталығындағы мекемелер, бөлімдер, білім ошақтары осындай сын сағатта халықты арнайы «бетпердемен» қамтамасыз ету мақсатында тегін бетперделер таратып, көмек қолдарын созуда.

Осы орайда барша аудан халқын елімізде болып жатқан жағдайға түсіністікпен қарап, дәрігерлердің айтқан нұсқаулықтарына құлақ асып, бейсауат көшеде жүрмей, бала-шағаны қадағалап, уақытша ауыртпашылықпен бірлескен түрде күресейік дегім келеді. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын ағайын!

 

Аманжол Тұрабаев,

Созақ ауданының құрметті азаматы,

Құмкент ауылы.