ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ ДЕР КЕЗІНДЕ БЕРІЛЕДІ

 

Осы аптада Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов, «Қазпочта» АҚ-ның Шымкент филиалы директоры Б.Ысқақ, «Халық банкі» қалалық филиалы басшысының орынбасары А.Досымбековалардың қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Сала басшылары зейнетақысын қолма қол алатын азаматтар назарына төмендегідей мәлімдеме жасады.

 

Қазіргі таңда Шымкентте 100 мыңнан астам зейнеткер ай сайынғы зейнетақысын «Халық банкі» мен «Қазпочта» арқылы алады. Бүгінде болып жатқан қиын қыстау кезеңдегі жағдайларды ескере келе, олардың өз зейнетақыларын алу тәртібіне біршама жеңілдік жүйелері енгізіліп отыр.

Атап айтқанда Шымкентте ақшаны қолма қол алатын зейнеткерлерге тегін зейнетақы карточкасын аштыру қолға алынуда. Ол үшін зейнеткерлер қашықтықтан 7111 нөміріне хабарласуы қажет.

Сонымен қатар қалыптасқан жағдайға байланысты «Қазпочта» акционерлік қоғамының 35 филиалы 65 жастан асқан азаматтарға зейнетақыларын үйлеріне жеткізіп беруді қолға алуда. Бұл үшін зейнеткерлер почта бөлімшелеріне телефон шалып, тиісті өтінім берсе жеткілікті.

Жиында қала әкімінің орынбасары М. Исахов (суретте) Шымкентте зейнетақылар мен жәрдемақылар уақытылы берілетінін айтты.

 

М. ӘБДІРАЙЫМ.