МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ ДАЙЫН НӘТИЖЕСІН АЗАМАТТАР ҚАЛАЙ АЛАДЫ?
Елімізде енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты құжаттарды рәсімдеу онлайн тәртіппен қашықтықтан қабылдануда. Ал қашықтан көрсетілген мемлекеттік қызметтердің дайын нәтижесін азаматтар қалай алады?
Бұл сұраққа «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева былай деп жауап береді.
– Ағымдағы жылдың 30-наурызынан бастап әр қалада бір-бір халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Мекеме тек дайын құжаттарды беру үшін бірыңғай терезе тәртібімен қызмет көрсетеді. Яғни, ол жерден азаматтар онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің дайын нәтижесін ала алады. Жалпы, eGov порталында қызмет нәтижесі қағаз түрінде берілетін 23 түрлі мемлекеттік қызмет бар.
Мамандандырылған ХҚО-да да дайын құжаттарды беру терезелері ғана жұмыс істейді. Онда автокөлігін қайта тіркеуге қойған немесе жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырғандар дайын құжаттары мен мемлекеттік тіркеу нөмірін ала алады.
Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма сағ.:09:00-ден 17:00-ге дейін. Сенбі күні сағ.: 09:00-14:00 аралығын қамтиды. Шымкент қаласы бойынша Мәделі қожа көшесі,№ 1г мекенжайында орналасқан №1 ХҚО-нан дайын құжаттарды алуға болады. Ал автокөлік иелері дайын құжат бойынша «Достық» шағын ауданында орналасқан мамандандырылған ХҚО-на жүгіне алады.
Жадыңызда болса, 23-наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдай режимін қамтамасыз етумен айналысатын мемлекеттік комиссияның отырысында Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарын уақытша жабу туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, азаматтар қызметтерді тек электронды форматта алады.