АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫНЫҢ ЖЕТКІЛІКТІ БОЛУЫ – ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕКТІҢ АРҚАСЫ

 

Жуырда ағылшын сөздігінде ковидиот (Covidiot) термині пайда болды. Жаңа термин «COVID-19» және «IDIOT» деген екі бөлек сөзден құралады. Бұл термин пандемияға ұласқан коронавирус дерті бойынша үрейленіп, қоғам арасында дүрбелең туғызатын іс-әрекеттерге баратындар мен вирустан қорғану ережелерін елемейтін азаматтарға бағытталады.

 

Сөздікте «Сіз тауарлар салатын арбаға жүздеген бума дәретхана қағазын алып бара жатқан ковидиотты көрдіңіз бе?» немесе «Ол кездескен адамымен құшағын жая амандаса беретін ковидиот» деген сынды жаңа терминді қолданудың бірнеше мысалдары келтірілген.

Дәл жүздеген бума дәретхана қағазын алмаса да, Түркістан облысында «коронавирус салдарынан азық-түлік сарқылады немесе шеттен әкелуі тоқтатылады» деген шындыққа жанаспайтын сөздерге сенгендер де болды. Оған базарлар мен дүкендерде азық-түлік бағасының пышақ үстінде өткендігі туралы бірнеше мысалдар дәлел. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған саудагерлер болса, бағаны әдеттегіден өсіріп, біраз тұрғынның қалтасын қаққаны жасырын емес. Өз кезегінде Түркістан облысы әкімдігі мұндай дүрлігуге негіз жоқ екенін, азық-түлік қоры жеткілікті екенін ресми түрде мәлімдеді. Сонымен қатар, жергілікті билік азық-түлік бағасын бақылауда ұстайтынын қатаң ескертті.

Яғни, облыс әкімінің тапсырмасымен елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу мақсатында аймақта мобильді топ құрылды. Осы аптада аталған топ Түркістан қаласындағы «Қуаныш» және «Алтын бұлақ» базарларына бет алды. Аталған базарларда сауда қызған. Жергілікті сатушылардың өнімдерін көрші облыстардан келген сатып алушылар ірі көлемде сатып әкетуде. Салдарынан азық-түлік өнімдерінің тапшылығы орын алып, олардың 30-40 теңгеге (40-60 пайыз) қымбаттағаны анықталған. Мобильді топтың араласуымен бұл ретсіздікке нүкте қойылды. Соның негізінде өнімдерді көтерме бағада босататын саудагерлердің азық-түлікті сату бағасы бекітілді. Сонымен қатар, Отырар, Созақ аудандары мен Кентау қаласының əкiмдерi бастап келген кɵтерме бағада сатып алушыларға қажеттi өнім көлемінің тиісті бағада жөнелтілуіне жағдай жасалды. Одан соң, мобильді топ супермаркеттерді аралап, ол жерде де орын алған жағдайға байланысты, азық-түлік тауарларының бағасын өсірмеу және жасанды тапшылыққа жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізді.

Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің жетекшілігіндегі мобильді топ құрамында облыстың аудан, қала әкімдері, кәсіпкерлік және сауда, ауыл шаруашылығы басқармалары мен құқық қорғау органы өкілдері бар. Өз кезегінде мобильді топ жетекшісі Мейіржан Мырзалиев өңірде азық-түлік қоры жеткілікті екенін тұрғындарға баса айтуда.

Азық-түлік қоры жеткілікті болғанмен, қазіргі жағдайда шаруалардың кеуде тола демалатын кезі емес. Олар алдағы егістік жұмыстарына кірісіп, келер жылғы өнім қорын жасақтауға әлден кірісуі керек.

Таяуда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданына барған жұмыс сапары кезінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтармен кездесіп, елдегі төтенше жағдайға дайындықтарын пысықтады.

Өз кезегінде ол несібесін Жер-анадан айырған диқандар жұмысының тыныс-тіршілігімен танысты. Аймақ басшысымен жүздескен шаруа қожалықтары мен жылыжайлардың иелері өз мәселесін ортаға салды. Аймақ басшысы оларға қазір орын алып жатқан мәселелерге алаңдамай, өз шаруаларына ерекше шабытпен кірісуге шақырды. Әлем елдерін әбіржіткен коронавирус дертіне облыс әкімі өтпелі кезеңнің қиындығы деп баға берді. Сондықтан да тұралап қалмай, жұмысты барынша күшейтуді айтты. Өз сөзінде ол:

– Шаруалар назардан тыс қалмайды. Елдегі төтенше жағдайға қарамастан, ауыл шаруашылығы саласына баса мән беріледі. Шаруаларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Қосымша қажеттіліктер туындаса, оны шешудің барлық мүмкіндіктері қарастырылады. Бұл кезең отандық өнім көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік, — деді.

Ал шаруа қожалық иелері болса, өңір халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін егістік жерден екі-үш рет өнім алуды тоқтатпайтынын жеткізді. Аудандағы бірнеше шаруа қожалықтардың жұмысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сайрамдық диқандар әрдайым еңбекқорлығымен ерекшеленетінін, сол қарқынды жоғалтпауды айтты.

Бүгінде аудандағы әр ауыл округінен ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, жылына бірнеше рет өнім алатын тауар өндірушілер тізімі бекітілген. Ауданда 100-ден астам шаруашылық 145,8 гектар егістік алқапта егін еккен. Алқапқа картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз, сарымсақ, нохат, қияр мен тәтті бұрыш егілген. Бұдан бөлек, 100-ден астам шағын және ірі жылыжайларлар тынымсыз еңбекке кірісіп кеткен.

Осы жұмыс сапары кезінде Өмірзақ Естайұлы аудандағы құрамажем шығаратын зауыттың ұжымымен кездесті. Осыған дейін өз өнімдерін Өзбекстан, Ауғанстан, Иран елдеріне экспорттайтын өндіріс орны жұмысын жоспарға сәйкес жүргізіп отыр. Аймақ басшысы Қолкент ауыл округіндегі инженерлік-коммуникациялық жүйелер құрылысы нысанына барды. Аталған мекеме ауыз су, электр желісі, су құбыры жобаларын іске асырады.