ТІГІН ЦЕХТАРЫНДА ТАПСЫРЫС КӨЛЕМІ АРТТЫ

 

Қоронавирустан қорғану құралының бірі – бетперде. Осыған орай халқы қалың Түркістан облысында медициналық бетперделерге деген сұраныс көлемі артты.

Қазіргі таңда облыс халқын медициналық маскамен толық қамтамасыз етуге баса мән беріліп отыр. Осыған орай Түркістан облысындағы аудандардың басым көпшілігіндегі тігін цехтарында бетперде тігу ісі белең алды. Бұл құптарлық іс. Себебі, көп болып жұмылғанда да тұрғындардың сұранысын толық қамту мүмкін болмақ.

Елімізде пандемияға ұласқан коронавирустан қорғану мақсатында «GOLDEN NOMAD» АЛТЫН АДАМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бетперденің сан алуан түрін тігуге ірі көлемде тапсырыс алды. Сансыз баптар мекені Сайрам ауданында орын тепкен кәсіпорын тәулігіне 30 мың маска тігуге қауқарлы. Зауытта 80-нен астам жұмысшы бар. Таяуда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған кәсіпорынға барып, ондағы жұмыстарды бақылады. Өз кезегінде кәсіпорын қызметкерлері бір күнде 30 мыңнан да көп бетперде тігуге қабілетті екендіктерін алға тартты.

Жуырда жергілікті билік Сайрамдағы 10 мыңға жуық аз қамтамасыз етілген азаматтарды тегін медициналық маскамен қамту шараларына кірісетін болады.

Сонымен қатар, аталған ауданда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында қаржылай көмек алған 65 тігінші күніне 5500 дана медициналық маска тігу жұмыстарымен айналысуда.