ШЫМКЕНТТЕ 358 МЛН. ТЕҢГЕГЕ СӘНДІ НӨМІРЛЕР САТЫЛҒАН
Былтыр елімізде 12500-ден астам ерекше тіркеу нөмірі сатылған. Ерекше сандар мен әріптердің тізбегінен тұратын VIP көлік нөмірлері көп сатылатын аймақтар тізімінде Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары көш бастаған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше былтыр жалпы 3,018 млрд. теңгеге VIP көлік нөмірлері сатылған. Ал шымкенттіктер сәнді мемлекеттік тіркеу нөмірі үшін қанша қаржы төледі?
Былтыр Шымкенттегі арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы азаматтарға 1576 көліктеріне ерекше мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері сатылған. Олардың жалпы бағасы 358 млн. теңгеге жеткен.
Ал республика бойынша сәнді нөмірлердің көп сатылуы Алматы қаласында байқалған. Өткен жылы Алматыда 1,2 млрд. теңгеге 4500-ден астам сәнді нөмір сатып алынды. Елордамыз Нұр-Сұлтанда сатылған VIP-нөмірлердің саны екі мыңға жуықтаған.
Жалпы көліктерге мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында бес жұмыс күні ішінде дайын болады. Ал Шымкент пен өзге де облыс орталықтарында бұл уақыт он бес жұмыс күніне жалғасады.
Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көлік иелері жаңадан сатып алған темір тұлпарына ерекше нөмірлерді мамандандырылған ХҚО немесе egov.kz арқылы онлайн тіркеу барысында таңдай алатынын, егер азаматтың бұрыннан VIP-нөмірі болса, жаңадан алған көлігіне алты ай ішінде сол нөмірді қайта рәсімдеуге құқығы бар екенін еске салады.
Қазіргі таңда елімізде VIP санатындағы көлік нөмірлерінің бағасы әртүрлі. Олар 57 АЕК-нен басталып, 285 АЕК-не дейін барады. Ал 2020 жылы айлық есептік көрсеткіш 2651 теңгеге тең екені белгілі.