«КӨНЕ ҚҰМЫРАНЫҢ СЫРЫ» КӨПТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Шымкентте «Көне құмыраның сыры» атты анимациялық фильмнің екінші бөлімінің тұсаукесері өтті. Қала әкімдігінің тапсырмасымен жарыққа шыққан туынды өскелең ұрпақты елжандылыққа баулып, білімді болуға шақырады.

Тәрбиелік мәні зор, тағылым алар туындының сценарийін елімізге танымал аниматор Батырхан Дәуренбеков жазып шыққан. Сонымен қатар ол анимациялық туындының режиссері да болып табылады. Ал продюсері – Нуриддин Паттеев, композиторы — Руслан Шынықұлов болса, қоюшы суретшісі – Самат Нұралиев.
Биыл елімізде Әл Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығы аталып өтілетіні белгілі. Туындының мазмұны осы айтулы күндермен тығыз сабақтас тапқан. Яғни «Көне Құмыраның сыры-2» анимациялық фильмінде Әл-Фараби, Абай сынды Ұлы тұлғалар дәріптеліп, мемлекеттік рәміздеріміз насихатталған. «Сақ» киностудиясы түсірген бұл фильмде оқиға желісі былай өрбиді.
Фильмнің бас кейіпкерлері Аружан мен Айша есімді оқушы қыздар. Абай өлеңдерін жатқа айтқан оқушы қыздарға мұғалім келесі дәрісте Әл-Фараби туралы шығарма жазу тапсырмасы берілетінін ескертеді.
Олар шығарма жазу үшін қажетті мәліметтермен қанық болу мақсатында мұражайға келеді. Мұражай директоры оларды үлкен ықыласпен қарсы алып, келген мақсаттарын сұрайды. Өз кезегінде фильм кейіпкерлері Әл-Фараби туралы мағлұматтарды білуге келгендерін айтады. Мұражай басшысы оларға Әл-Фарабидің шығармашылығы мен еңбектерін таныстырады. Қыздар мұражай сөрелеріндегі жәдігерлер арасында көне құмыраны көреді. Көне құмыра білімге құштар қыздарды Әл-Фараби өмір сүрген дәуірге апарып, қиял ғажайып сәттерге кенелтеді.
Жастарды ізденімпаздыққа баулитын бұл туындының жарыққа шығуына шығармашылық топ екі айдан астам уақыт жұмсаған.