ЖЕРҮСТІ ӨТКЕЛІ АШЫЛДЫ

Үшінші мегаполисте үшінші жерүсті өткелі ашылды. Қаладағы Темірлан тас жолы мен Мангельдин көшелерінің қиылысындағы бұл нысанның ашылу салтанатының лентасын қию рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Аталған көпірдің құрылысы бес жылдан аса уақытты қамтыды. Нысанды салу жұмыстары 2015 жылы басталған. Нысанның құрылысын қос мердігер мекемеге тапсырылған. Бірақ алғашқысы артылған сенімді ақтай алмай, құрылысты тоқтатқан.

Екінші компания құрылысты аяғына дейін апарған. Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтенов «Құрылысы бірнеше жылға жалғасқан бұл көпір мағыналы күн – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында пайдалануға беріліп отыр. Қала тұрғындары бұл нысанның пайдалануға берілуін көп күтті. Олардың қуаныштарына мен де ортақпын. Жалпы нысанның кескін келбеті маған ұнады. Халыққа да ұнайды деген ойдамын»,-деді.
Жерүсті өткелі қаланың ажарын ашып тұр. Ең бастысы ол халыққа үлкен жайлылық сыйлауда. Нысан бой көтерген аумақта аялдамалар бір-біріне өте жақын орналасқан. Қоғамдық орындар мен білім ордалары да өте көп. Сондықтан да жолда ары-бері өтетін адамдардың қарасы да қалың. Бұл жүргізушілерге де жаяу жүргіншілерге де ыңғайсыздық тудыратын. Жерүсті өткелін ашу арқылы бұл мәселе біржола шешімін тапты.
Нысанда коляскадағы баласымен жүрген әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лифттің жұмыс істеуі жолға қойылған.
Өз кезегінде қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абай Тұрханов нысан құрылысының бірнеше жылға жалғасуының себебін аталған аумақта коммуналдық жүйелердің көптеп орналасқанымен, сонымен қатар көптеген өтініштер негізінде жобаға лифттер орнату, қасбеттерін жақсарту бойынша өзгерістер енгізілгенімен түсіндірді.
Жалпы құны 217 млн. теңгені құрайтын нысан 9-наурызда халық игілігіне берілген. Бірақ келесі күннен бастап ондағы жеделсатылардың толыққанды жұмыс істеп жатпағаны туралы сындар мен ескертулер айтыла бастады. Мұндай ақауды біз де байқадық. Бұл жағдайды қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Абай Турханов былай деп түсіндірді.
– Жеделсатылар істен шыққанын жоққа шығармаймыз. Себебі қала тұрғындары оны тиісті талаптарға сай қолданбаған. Қазіргі таңда мердігер мекеме нысандағы екі лифтіні жөндеуден өткізді. Ал үшіншісін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол 20-наурызда аяқталады деп күтілуде. Жалпы жеделсаты 120 келіге шақталған. Сонымен қатар, жерүсті өткеліндегі жеделсатыны пайдалану мүмкіндігі шектеулі азаматтар, егде тартқан азаматтар мен қолында коляскасы бар балалы әйелдерге арналғанын баса айтқым келеді.
Осылай деген ол, жерүсті өткеліндегі жеделсатыларда бейнекамера орнатылғанын атап өтті.