ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ЭКО-ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Елімізде атының өзі бойда үрей туғызатын бедеулік пен белсіздік дерті жыл сайын жасарып келеді. Былтыр репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова өзінің кезекті бір сұхбатында қазақстандық ерлі зайыптылардың 15 пайызы бедеуліктің зардабын тартып жүргенін өкінішпен жеткізген болатын.
Ал соңғы ғылыми деректер балалы болуға қауқарсыз азаматтардың үлесі 15-19 пайызға жетіп отырғанын алға тартады. Яғни, елімізде әрбір сегізінші отбасы бедеулік дертімен күресіп жүр. Осы орайда медицина саласы бедеулікпен күрестің тың жолы ретінде экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісін жолға қойғаны белгілі.
Аталған әдіс бойынша көптеген жанұяларды балалы болу бақытына кенелтетін орталық Шымкентте де ашылды. Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында үшінші қалада елімізге танымал репродуктивтік медицина институты Шымкент қаласында өз филиалын ашып жұмысын бастады. Клиниканың ашылуына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы келді.
Аталған нысан жоғары репродуктивтік технологиялар саласындағы соңғы жетістіктердің көмегімен бедеулікті емдеп, көптеген жанұяны іңгәлаған сәби үні бақытына бөлейтін болады. Оған клиниканың мүмкіндігі де, қауқары да жетеді. Клиникада тиімділікті барынша арттыру мақсатында әйелдер мен ерлер бедеулігін емдеу бойынша қызмет көрсетудің толық спектрі ұсынылған.
Мұнда экстракорпоралдық ұрықтандыру бөлімі, адам геномын толық зерттеуге арналған генетикалық зертхана, әйелдер кеңесі, жедел гинекология-лапароскопиялық орталық жұмыс істейді. Мұнымен қатар нысанда ерлер белсіздігін емдейтін андрология және урология бөлімі бар. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттері мен курсанттарына арналған оқу базасы да осында орналасқан.
Клиника бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Нысан жылына 3000 экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламасы мен 2000 лапароскопиялық ота жасауға қуатты.
Айта кетейік, орталықтың ашылуына репродуктивтік медицина институты 1 миллиард 25 миллион теңге инвестиция салды. Нысан алдағы уақытта 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлауда.