БАТЫР ӘЖЕЙ БЕЙБІТ КҮННІҢ ҚАДІРІН ҰҒЫНУҒА ШАҚЫРДЫ
Көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шымкентте білім, медицина, денсаулық сақтау мен тағы басқа салаларда еңбегімен еленген әйел аналарға қала әкімі Мұрат Әйтеновтың атынан құттықтаулар жолданып, гүл шоқтары тарту етілді.
Ал 98 жастағы Шаля Анна Федоровнаны қала әкімі арнайы құттықтады. Оған негіз де жоқ емес. Екі ғасырдың куәсі болған әжей Ұлы Отан соғысына қатысып, Жеңіс күнінің жақындауына септесін болған. Анна Шаля 1923 жылы 12-маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Вревск ауылында туған. 1941 жылы радиотелеграфист курсын бітірген. Воронежде 40-армия штабында әскери қызметін атқарған. 25-дивизия есебінен 63-байланыс радиорота бөлімінде радист болған. Воронеж-Косторск операциясында алғашқы рет соғыс майданына енген.
1944 жылдың басында Румыния, Венгрия, Чехославакия шекарасынан өтіп, Звенигород, Богуслав, Умань қалаларын фашисттерден азат етуге қатысқан. «Қызыл жұлдыз» орденімен, II дәрежелі «Отечественная война» медалімен және мерейлік медальдармен марапатталған.
Жалындаған жастық шағы шым-шытырық күндерді бастан өткізумен өткен батыр әжейге қала әкімі ерекше лебіз білдіріп, жанқиярлық еңбегі үшін ұрпақтар атынан алғыс айтты. Өз кезегінде ол өскелең ұрпақ үшін бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Жеңістің маңызы зор екенін, бұл ретте аға буынның ерліктері ел есінде мәңгі сақталатынын айта келе «Сіздер нәзік жандылардың қаншалықты қайсар екенін көрсете білдіңіздер. Осынау тыныш заман үшін біз сіздерге қарыздармыз», — деді.
Анна Федоровна майдан даласындағы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі ұрпақтан Тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт өмірдің қадірін ұғынуды өтінді.