«ШАРДАРА СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ» ӨНІМДІЛІК ҚУАТЫ КӨБЕЙДІ

Түркістан облысындағы «Шардара су электр станциясы» АҚ жаңғыртудан өтті. Нәтижесінде станциядағы адам қолымен атқарылып келген бірқатар жұмыстар компьютер арқылы қашықтықтан орындалатын қауқарға жетті.
Соған сәйкес, мекемедегі 150-ден астам жұмысшылар саны 130-ға бір-ақ қысқарды. Жаңғырту жұмыстарының арқасында станцияның өнім қуаттылығы 26 пайызға өсті. Мәселен, жөндеу жұмыстарына дейін станция 100 МВт электр энергиясын өндіріп келсе, қазір өндіріс көлемі 126 МВт-қа жетіп, өңірді электр қуатымен қамту деңгейі 8 пайыздан 14 пайызға дейін артқан.
Бұл туралы Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдейді. «Шардара су электр станциясы» АҚ бас инженерінің орынбасары Нұрлан Амановтың айтуынша жаңғырту жұмыстары барысында станциядағы төрт бірдей генератор Германия елінің заманауи қондырғыларымен алмастырылған екен. Ол қондырғылар қоймадағы өндіріске қажетті жоғары кернеулі желідегі тоқтың күшін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Станцияны жаңғырту бағытындағы жобаның жалпы құны 75 миллион еуроны құраған.

М. ӘБДІРАЙЫМ.