ҚАЗАҚСТАНДА МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ КАРАНТИНДЕ ЖАТЫР

Кешегі жағдай бойынша әлемде коронавирустан 3305 адам қайтыс болды. Өкінішке орай бұл санайғақ сәт сайын өзгеріп отыр. Вирусты 96888 адам жұқтырған. 53638 адам аурудан жазылған. Коронавирус әлемнің 90 мемлекетінде тіркеліп отыр. Жұқпалы вирус былтыр желтоқсанда тіркеліп, тоқтаусыз тарала бастады. Коронавирус тараған уақыттан бері Қазақстанда аурудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Бірақ тиісті сақтық шаралары қолға алынып келеді.

Күні кеше ҚР Денсаудық сауқтау министрі Е. Біртанов сақтық шараларын былай деп саралады.
– Ауруды алдын алу үшін елімізде мерекелік шараларды өткізуге шектеу қойылып отыр. Конференция, байқаулар мен форумдар кейінге қалдырылуда. Себебі қандай бір жағдай болса біз карантин жариялаймыз. Сол кезде артық трафик жасамас үшін осындай шараларға барып отырмыз. Оңтүстік Корея, Қытай мен Иран азаматтарының елге кіруіне тыйым салынады. Қазір Қазақстанда 992 адам стационарлық және үй жағдайындағы карантинде жатыр. 7 515 адам тұрғылықты жерінде бақылауға алынған, олардың арасында Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да бар.
60 адам коронавирус жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде 18 адам ауруханадан шығарылды.
Осылай деген министр, қазіргі таңда қоғам арасында коронавирус туралы түрлі расталмаған ақпараттарды таратпауға және сенбеуге шақырды. Ведомства басшысы денсаулық сақтау министрлігінің өкілеттілігіне қазақстандықтарды вирустан сақтану ғана емес, сонымен қатар дер кезінде ақпарат беру де кіретінін, сондықтан да қажетті ақпаратты дер кезінде тұрғындарға хабарлайтынын айтты.

Қ. ҚАЛИЕВ.