КИЕЛІ ШАҢЫРАҚ – ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ МЫҢ АЛҒЫС

1-наурыз – Алғыс айту күні. Қазақстан бұл күнді бесінші рет айтулы мереке ретінде өткізіп келеді. Қазақстандықтар арасындағы татулықты нығайтуға бағытталған «Алғыс айту» күні Шымкентте салтанатты жағдайда аталып өтті.

Қаладағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өткен мерекелік шараға қала әкімі, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ұстаздар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Мерекелік іс-шара алдымен «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қоюмен бастау алды. Содан соң көпшілік Шымкенттегі 17 этномәдени бірлестік ұйымдастырған қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Көрмеде Шымкенттен шығатын өнімдер де таныстырылды. Одан соң жұртшылық мерекеге орай әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады.
Онда Мұрат Әйтенов «Барлықтарыңызды бүгінгі айтулы күнмен құттықтаймын. Халқымызда «алтын – жер сыйы, алғыс – ел сыйы» деген қанатты сөз бар. Бұл мереке ортақ тарихымызға деген құрметтің, алтын шаңырақ – киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі болып саналады. Шұғылалы көктемнің алғашқы күнінің алғыс айту мерекесі болып жариялануында үлкен мән бар. Барлық игілік риясыз көңілден, алғыс айтудан басталады»,- деді.
Содан соң көрерменге арнайы дайындалған қысқаша бейнефильм көрсетілді. Онда кеңестік дәуір кезінде Қазақстанға жер аударылған түрлі этностардың өткені мен бүгіні туралы кәрі тарих іздерінен сыр шертілді. «Қазақ еліне мың алғыс!» тақырыбында театрландырылған хореографиялық қойылым ұсынылды. Қаланың өнер майталмандары патриоттық әндерден шашу шашты.
Қаперіңізде болса, Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. 2016 жылдың 14-қаңтарында сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни, 1- наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады. Бұл мерекенің астарында қазақ халқының бауырмалдығы, мейірімділігі мен қонақжайлық қасиеттеріне ризашылық білдіру жатыр. Себебі, Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланған. Сол шақта түрлі этнос өкілдері қазақ жеріне вагондармен жеткізілді. Бірақ оларды ешкім орнықтырмады. Жәй ғана ашық далаға әкеп тастады. Сол шақтарда қазақ халқы өз қолы өз ауызына әрең жетіп отырғанына қарамастан, оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды. Ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келді. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді.