БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ ҚАРҚЫНДЫ БАУ КӨЛЕМІ АРТАДЫ
Былтыр Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр ақпараттық- коммуникациялық орталықта өткен кезекті брифингте «Біраз адам Шымкентте ауыл шаруашылығы жоқ деп санайды. Бұл сала қаладағы ең өзекті мәселе.
Өйткені Түркістан облысындағы жайылымдық жерлер мен егістік жерлерде өндірілген өнімдердің барлығы дәл осы қалада қайта өңдеуден өтіп, ары қарай өзге өңірлер мен елдерге сатуға жөнелтіледі. Яғни, Шымкент –логистикаға ең тиімді аймақ. Соған сәйкес Шымкентте өндіріс орындары да дамыған» деген болатын.
Сонымен қатар биыл да қала әкімі алдағы уақытта Шымкентте аумағы 136 гектарды құрайтын «Агроиндустриалды аймақ» құрылатынын айтқан-тын. Сондай-ақ ол, былтыр ауыл шауашылығы саласында 29 млрд. теңгенің өнімі өндірілгенін, «Агроинудстриалды аймақ» жобасы өндірілген өнім көлемінің көрсеткішін 40 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік беретінін алға тартқан.
Межеленген мақсатқа қол жеткізу мақсатында биыл Шымкентте ауыл шаруашылығы саласы бойынша қандай жұмыстар атқарылады. Алға қойған міндет қандай? Қолға алынатын жұмыс қайсы?
Биыл Шымкентте ауыл шаруашылығы саласына бағытталғагн 8 ірі жоба жүзеге асады. Соның негізінде «Таза өнім» шаруа қожалығы әуежай маңынан 6 гектарға жылыжай салып, жұмыс ауқымын ұлғайтады. «Shymkent Agro Holding» ЖШС ешкі асырайтын ферманы іске қосады. Ал, «Жұлдыз» шаруа қожалығында сағатына 2,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорын жұмысын бастайды. «Дары Сайрама» ЖШС өндірісін кеңейту мақсатында сағатына 3 тонна өнім шығаратын қалбырлау цехын қолға алады. «Шарипов» шаруа қожалығы болса, Мәртөбе ауылынан 5 гектарға жылыжай салады. Бұдан бөлек, «Рассвет» деп аталатын шаруа қожалығы 200 басқа арналған сүт фермасының жұмысын жолға қояды. «Шымкент құс» ЖШС өндірістік қуаттылығы жылына 2 мың тоннаны құрайтын құс етін өндіретін кәсіпорынды іске қосуды көздеп отыр. Және де «Бесқара» ЖШС «Бадам» су қоймасы маңынан 142 гектарға алма бауын егеді.
Жалпы биыл қалада ауашарушылығы саласына бағытталған 20 инвестициялық жобаны іске қосу көзделген. Олардың жалпы құны 13 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды. Бұл жоспарлардың жүзеге асуы 1500-ден астам адамның тұрақты жұмыспен қамтуын қамтамасыз етеді.
Шымкентте 63 мың гектар жерге жуық егістік жер бар. Осы ресурсты тиімді пайдалану үшін биыл жылыжай көлемін 30 гектарға ұлғайтып, оның жалпы аумағын 213,8 гектарға жеткізу көзделген. Ал былтыр іске қосылған жылыжай көлемі 56 гектарды құраған.
Сонымен қатар өткен жылы шаһар аумағына 215 гектар қарқынды бау егілген. Осы жылы 1165 гектарға қарқынды бау отырғызу межеленіп отыр. Егер жоспар ойдағыдай жүзеге асатын болса, қаладағы қарқынды бау көлемі 1404,2 гектарға ұлғаятын болады.