«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» ЖОБАСЫ ОЙДАҒЫДАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫП КЕЛЕДІ

Шымкенттегі жасыл белдеудің көлемі 1373 гектар аумақты құрайды. Қоршаған ортаның өкпесі саналатын орман қорының аумағы 752 гектарға жетеді. Миллионды қала үшін бұл мардымсыз. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында жасыл белдеудің жалпы аумағы 154 мың гектар. Осыған орай 2024 жылға дейін Шымкент маңындағы жасыл белдеудің жалпы көлемін 13 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

Халықты қолайсыз табиғи факторлардан қорғап, қоршаған ортаның ахуалын жақсартатын жасыл белдеу көлемін 13 мың гектарға жеткізу үшін Шымкентте қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Шымкент қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас инженері Гүлнар Сапарымбет жергілікті басылымға берген мәлімдемісінде бұл бағыттағы жұмыстарды былай деп саралайды.
«Шымкент қаласының жасыл белдеуі бойынша егілетін ағаш көшеттері солтүстік-шығыстан басталып, одан соң батысқа қарай бойлап, Түркістан мен Ташкентке бет алатын бағыттарды қамтиды. Бұл аумақтар қалаға қарай жел соғып тұратын басты бағыттар. Түрлі жерлердегі жасыл белдеудің ені жердің рельефіне, жел бағытына, көлік логистикасына, елді мекендердің орналасуына байланысты 100 метрден екі километрге дейін жетеді. Шымкенттің жасыл белдеу аумағында күл, үйеңкі, терек, қарағаш отырғызылады. Бұл ағаш түрлерінің барлығы тез тамыр тартады. Алайда флора мен фауна пайда болу үшін әртүрлі ағаштар атап айтқанда, жабайы алма, өрік, күміс, тіпті бадам (миндаль) ағашын отырғызылады. Қазір жасыл орман алқабында қырғауылдар, түрлі құстар, қояндар, кірпі және басқа да тіршілік иелері мекендейді.
Осы жылы «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 27 бірлік техника сатып алған. Бұл үшін бюджеттен 300 миллион теңге бөлінген. Арнайы техникалардың барлығы жасыл белдеуді қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жеңілдете түседі. Сонымен қатар, биыл аталған кәсіпорынға әкімдік алғаш рет жасыл желектерді суаруға арналған скважиналарды бұрғылауға арналған арнайы техника бөлуді қарастыруда. Сондай-ақ, басқа мүмкіндігі жоқ жерлерде ағаштарды суару үшін шамамен бес су тасымалдайтын машина бөліп отыр. Кәсіпорында орманшылар, көгалдандырушылар, агрономдар жұмыс істейді. Олардың барлығы 79 адам. Маусымды кезеңде мекемедегі штат саны тағы 40 адамға көбейеді.
Жасыл белдеу қаланы атмосфералық ахуалын жақсартып, оны дауылдан, шаңды желден қорғалуы үшін құрылған. Ол сонымен қатар қоршаған ортада ауа сапасын жақсарта түседі. Қолайлы экология адам денсаулығы үшін де зор маңызға ие.