КӘСІПКЕРЛЕР ЕСЕБІНЕН 41 ҮЙДІҢ ҚАСБЕТІ ӘРЛЕНЕДІ

Шымкентте қасбеттері ескірген 71 үй бар. Олардың қасбетін жаңарту жұмыстары 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бойынша 41 үйдің қасбетіне жөндеу жұмыстары басталып, қарқын алған. Бір айта кетерлігі бұл жұмыстар үшін бюджеттен бір тиын да бөлінбеді. Қала ажарын аша түсетін жөндеу жұмыстары меценеттардың демеушілік етуімен іске асып жатыр.
Жөндеуден өтіп жатқан 41 үйдің 17-сі Абай ауданы, 24-і Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан. Қаладағы Республика мен Тәуке хан даңғылдары бойында орын тепкен үйлердің қасбетін жаңартуға 13 мердігер мекеме тартылған. Нысандарды жөндеу жұмыстарына 250-ден астам жұмысшылар жұмылдырылған. Жаңартудан өтетін 41 тұрғын үй қасбетінің жалпы аумағы 45 мың шаршы метрге жуықтайды. Қазіргі таңда нысан басына қажетті құрылыс материалдарының барлығы жеткізіліп, жұмыстар қарқын алған.
Сыртқы келбетінің сыры кеткен бұл үйлер 1960-1961 жылдары бой көтерген. Енді сәл уақыттан сыртқы келбеті көрер көзге сүйкімсіз болып тұрған бұл үйлер жаңа түске боялып, айналаның ажарын аша түсетін болады.
Жергілікті билік өкілдері қасбетінің тозығы жеткен қалған 31 үй алдағы уақытта жөндеуден өтетінін алға тартып отыр. Ол үйлер Шымкенттегі Бейбітшілік, Жібек жолы және Темірлан тас жолы бойында орналасқан.