ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ 96,1 ПАЙЫЗЫ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРҒА БЕЙІМДЕЛГЕН

Осы жылдың 1-қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздегі жергілікті атқарушы органдар 34 301 нысанның 33 642-не паспорттау жүргізді. Аталған нысандарға мектептер, ауруханалар, кітапханалар, мәдениет үйлері, теміржолдар, автовокзалдар, әуежайлар және т.б. қоғамдық орындар жатқызылады. Олардың ішінде 24 452 нысан мүгедектерге бейімделуі қажет-тін. Қазіргі таңда аталған ғимараттардың 23 314-і немесе 96 пайызы ғана мүгедектерге бейімделген.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделуі қажеттігі туралы талаптың орындалуының өңірлер бойынша көрсеткіші қандай? Ведомства таратқан деректерге сүйенсек, нысандардың 100 пайыз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімдеу Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында жүзеге асырылған. Ал Батыс Қазақстан облысында – 99,4, Атырау облысында – 98,6, Ақтөбе облысында – 98,5, Қызылорда облысында – 98,1, Маңғыстау облысында – 97,3, Шымкент қаласында – 96,1, Павлодар облысында – 96, Нұр-Сұлтан қаласында — 95,4, Түркістан және Қостанай облыстарында – 95, Жамбыл облысында – 94, Алматы облысында – 92,2, Ақмола облысында – 83,3 пайыз бейімделген.
Әрбір қазақстандықтың өзінің денсаулығына қарамастан кез келген нысандарға емін-еркін кіруі әлеуметтік салада алға қойылған басты бағыттардың бірі. Осы бағытта былтыр Шымкентте 100-ден астам тексеру жұмыстары жүргізілді. «Nur Otan» партиясының өкілдері, қалалық әкімдік пен қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен өткізілген ондай шараларда қаладағы нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігі тексерілді. Тиісті талаптарды сақтамаған нысан иелері мен жауапты тұлғаларға айыппұлдар салынды. Мұндай мақсаттағы жұмыстар биыл да жалғасып келеді. Атап айтқанда, өткен ақпан айында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық және Әл-Фараби аудандық филиалдары жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мен Шымкент қаласы тиісті басқарма өкілдері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың нысандарға емін-еркін кіру қол жетімділігін тексеру үшін теміржол және автовокзал аумақтарындағы пандустардың талапқа сәйкестігін зерделеді. Олар зерделеу жұмыстары барысында кедергісіз орта жасақтауда мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан түсетін ұсыныс-тілектердің барлығының да ескерілетінін жеткізді.
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бахадыр Нарымбетов пандустардың стандарт талаптарына сай қамтамасыз етілуі әрдайым бақылауда болатынын жиі айтады. Өз кезегінде ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ғимараттарға кіріп-шығуы мұңға айналмауын жолға қою партияның «Кедергісіз келешек» жобасында көзделген басты міндет екенін алға тартады.