ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС – ИНВЕСТОРЛАР СЕНІМІНЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРМЕЙДІ

Бүгінде Шымкент аумағында «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтары жоспарлы түрде жұмыс істеп жатыр. Ол жерде 72 жоба бойынша өндіріс өркен жайған. Жобаларды іске асыру үшін тартылған инвестициялар көлемі 64 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған ол индустриалды аймақтардағы кәсіпорындар есебінен өткен жылы бюджетке 13,4 млрд. теңге түсім түскен. Бүгінде онда бос жер жоқ. Осыған орай алдағы үш жылда 2 индустриалды аймақ құрылып, олардың саны көбейе түспек. Оның бірінші «Жұлдыз», екіншісі «Агроиндустриалды аймағы» болып табылады. Алғашқысының техникалық негіздемесі әзірлену үстінде. Ал екіншісінің жобалық-сметалық құжаттары реттелуде.
Естеріңізде болса, өткен айда қала әкімі Мұрат Әйтенов 2019 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылаған халыққа есеп беру жиынында осылай деген болатын. Өз кезегінде ол іске қосылатын бұл индустриалды аймақтарда 40-қа жуық жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар қызығушылық танытып жатқанын мәлімдеген.
Бұл бағытта нәтижелі жұмыстарға қол жеткізу мақсатында осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еуропалық Одаққа мүше елдердің елшілерімен кездесті. Кездесуге Германия, Франция, Латвия, Австрия, Финляндия, Швеция, Хорватия, Испания, Латвия, Румыния, Словакия, Чехия, Нидерланды елшілері қатысты.
Басқосуда тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесу барысында шаһар басшысы қаладағы инвестициялық жағдайды одан әрі жақсарту бойынша атқарылған және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар ол, «Шымкентте қолайлы инвестициялық климат құрылған, сондай-ақ, бизнесті дамытудың тиісті жолдары қарастырылған. Шымкенттің географиялық орналасуы мен климаты бизнесті жүргізуге таптырмас орын. Біз инвестициялық жобаларды іске асыруда жұмыла жұмыс істейміз»,-деп атап өтті.
Еуропалық Одаққа мүше елдердің елшілері Шымкентке келген сапары барысында қаладағы бірнеше ірі өндіріс орындарының ішкі жұмысымен танысты. Мақсат – қаланың инфестицияны қолдану мүмкіндіктеріне көз жеткізіп, өз елдерінен инвесторлар тарту болып табылады. Дипломаттар әуелі дәрі-дәрмек өндірісі жолға қойған «Химфарм» АҚ-на бас сұқты. Ондағы қарқынды жұмыспен танысқан соң, «Шымкент Цемент» АҚ-да табан тіреді. Бәсекеге қабілетті ірі кәсіпорынның жұмысын делегаттар оң бағалады. Содан соң «Азия трафо» зауытының тынысын байқады. Түтіні түзу шығып тұрған кәсіпорындардың жұмысымен танысқан делегат мүшелері қала туралы жылы пікір білдірді. Өз кезегінде Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлсон «Қазақстан табиғи-минаралды ресурстарға өте бай мемлекет. Бүгінгі сапар барысында Қазақстанның осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырғанын айқын аңғардық»,-деді. Ал Германияның Қазақстандағы елшісі Тило Йоханнес Клиннер болса «Шымкентке келген бүгінгі делегаттар құрамында болғаныма қуаныштымын. Қала жаңа мүмкіндіктерді іздеп, инвестиция тартуға әбден лайық. Осы бағытта қарап жатпай, өзіндік үлес қосуды маңызды міндет деп санаймын»,- деп атап өтті.
Ендеше, еліміздің үшінші қаласына келген елшілердің бұл сапары талай ілкімді істердің ұйытқысына айналуы әбден мүмкін.