ЭЛЕКТРОНДЫ ТІРКЕУДІ ТАҢДАЙТЫН ТҰРҒЫНДАР АРТЫП КЕЛЕДІ
Елімізде мекенжай бойынша тұрақты тіркеуді электронды жүргізетіндердің саны жыл сайын артып келеді. Былтыр Қазақстанда 2-млн.ға жуық адам түрғылықты тіркеуді электронды жүргізген. Оның ішінде 1,5 млн адам тіркеуді халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы іске асырса, 479 мың адам egov.kz сайты арқылы өздері жүзеге асырған.
Түрғылықты тіркеуді халыққа қызмет көрсету орталығының онлайн баламасы egov.kz арқылы жасайтындардың басым бөлігі, атап айтқанда, 91 мың адам Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Ал Шымкентте тұрғылықты тіркеуді egov.kz арқылы өздері жүргізетіндердің саны қанша?
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қалалық филиалы үшінші мегаполисте тұрғылықты тіркеуді электронды түрде іске асыратындардың қатары көбейіп келе жатқанын алға тартады.
Осы жылдың басынан бастап Шымкентте 20338 адам тұрақты мекенжайға онлайн тіркелген. Былтыр электронды тіркеу бойынша ең төменгі көрсеткіш Атырау облысында байқалған. Мұнайлы өңірде жыл бойына тек 6 мың адам мекенжай бойынша тіркеуді онлайн тәртіппен жүргізген.
Бүгінде мекенжай тіркеуін жасату үшін тіркеуге қоюшы және тіркелуші тараптың электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы шарт екенін айта кетейік.