СЕНБІЛІКТЕ 5500 ТҮП АҒАШ ЕГІЛДІ

Шымкентте қыс мезгілінің соңғы күні 29-ақпанда жалпыхалықтық сенбілік өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен өткен қоғамдық шараға 50-мыңға жуық тұрғын қатысты. Олардың қатарында қала әкімі Мұрат Әйтенов бастаған әкімдік қызметкерлері, еріктілер, студенттер мен қала тұрғындары бар.
Қалалық сенбілікте барлығы 210 мыңнан астам шаршы метр аумақтан 300 текше метрге жуық қоқыс жиналды. Жиналған қоқыстар арнайы жұмылдырылған техникаларға артылып, қала сыртына шығарылды. Жалпы ұзындығы 385,4 метр ирригациялық арықтың арнасы тазаланды. Сондай-ақ, 31 мыңнан астам шаршы метр жол жиегі тазаланды.
Шара кезінде 5500 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Жақсылап күтіп, баптаса бір-екі жылда жайқалып шыға келетін ағаштар Н. Назарбаев, Арғынбеков, Ә. Жангелдин мен №1 автожолдың бойларына егілді. Сонымен қатар, қаладағы «Дендробақ» пен Қошқар ата өзені аумағына да ағаш көшеттері отырғызылды. Түрлі зиянкестерден қорғау үшін тамыры тереңге бойлаған 8 мыңнан астам ағаштардың түбі әктелді.
Сенбілік кезінде қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарды айналаны әрдайым таза ұстауға шақырды. Өз кезегінде ол биыл «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» атанғанын, ал мәдениет тазалықтан басталатынын қаперден шығармау қажеттігін баса айтты.