ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ШАРАСЫ ОҚЫС ЖАҒДАЙДАН САҚТАЙДЫ
Осы жылы «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында Шымкентте түрлі жиындар, халықаралық шаралар өтетіні белгілі. Аталған бағдарлама аясында өткізілетін шаралардың ашылу салтанаты 20-наурызда Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтетіні де көпшілікке мәлім.
Мерекені өз деңгейінде өткізу үшін әртүрлі сала мамандарына тиісті міндеттер мен тапсырмалар жүктелген. Солардың қатарында Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті де бар.
Бүгінде аталған департамент «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында Шымкент қаласының аумағында орналасқан барлық ірі сауда орындарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы өрт-тактикалық жаттығуларды жоспарлы түрде жүргізуде. Өрт-тактикалық жаттығулар шарасы арнайы бекітілген кесте бойынша өткізіледі. Соның негізінде осы аптада «Шымкент Плаза» ойын-сауық сауда орталығында өрт- тактикалық оқу сабағы өткізілді. Шартты түрде өткізілген оқу сабағына «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің 5 бірлік техникасы мен 24 жеке құрам қатысты. Жаттығу барысында сауда орнындағы барлық келушілер эвакуациялық шығу есіктерінен сыртқа шығарылып, нысандағы шығу есіктерінің өткізу мүмкіншілігі тексерілді. Мұндай шара Қажымұқан атындағы орталық стадионда да өткізілді.
Айтпақшы, қаланың Ә. Әмзеев есімді тұрғыны Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің «Шымкент плаза» сауда үйінде өткізген өрт-тактикалық жаттығулар шарасын өзінің телефонына түсіріп, кейін ол бейнежазбаны ватсап желісі арқылы «Шымкент Плаза» сауда ойын сауық орталығында коронавируспен ауыратын науқас анықталды» деп ақпарат таратқаны белгілі. Бұл жалған ақпарат-тын. Ол азаматты Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері анықтады. Енді ол мәселенің байыбына бармай, өзі сырттан тон пішіп, халық арасында дүрлігу тудырғаны үшін заң алдында жауап беретін болады.
Өз кезегінде төтеншеліктер қала тұрғындарына өрт-тактикалық оқу-жаттығу шаралары қаланың өзге де нысандарына өткізілетінін, осыған орай дайындық шараларындағы тактикалар кезінде сабыр сақтап, дүрлікпей, түсіністік танытуға шақырады.