Компьютерлік графика дегеніміз не?

  Компьютерлік графика – әр түрлі кескіндерді (суреттерді, сызбаларды, мультипликацияларды) компьютердің көмегімен алуды қарастыратын информатиканың маңызды саласы. Дербес компьютерді пайдаланушылардың қатарында компьютерлік графикамен айналысатындардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі кез-келген мекемеде кей уақытта газеттер мен журналдарға жарнамаларға тапсырыс беру немесе жарнамалық парақшалар мен буклеттер басып шығару қажеттілігі туындайды.

 

Олардың кейбіреулері осындай жұмыстарды арнайы дизайнерлік бюролар мен жарнамалық агенттіктерге тапсырса, кейбіреулері қолда бар программалық құралдарын пайдаланып, өз күштерімен жасауға тырысады. Қазіргі танымал программалардың ешқайсысы компьютерлік графикасыз жұмыс істемейді. Статистикаға сүйенсек, жаппай қолданыста жүрген программаларды жасап шығарушы программистік ұжымның қызметкерлері өз жұмыстарының 90 % уақытын осы графикамен шұғылдануға жұмсайды екен.

Ең алғаш есептеуіш машиналарда арнайы графикалық жұмыстарды атқаратын мүмкіндіктер болған жоқ, бірақ бейнелерді өңдеуде немесе алуда қолданыла бастады. Алғашқы электронды машиналар матрица негізіндегі электронды шамдармен бағдарламаланған, сондықтан өрнектерді салу арқылы жасалынатын жұмыстар қолға алына бастады. 1961 жылы программист Стив Рассел алғашқы компьютерлік ойындардың жобасын жасады. Ойынның аты Spacewar болған, бұл ойынды PDP-1 машинасында құрастырылды, бұл компьютерлік графиканың негізін салуда алғашқы баспалдақ болды. 1963 жылы американдық Айван Сузерленд sketchpad бағдарламалық-аппараттық кешен ойлап тапты, оның негізгі мақсаты нүктелер мен сызықтар арқылы шеңберлер мен геометриялық фигуралар салу . Бұл алғашқы векторлық графиканы компьютердің көмегімен салуға мүмкіндік берді, алғашқы графикалық интерфейс пайда болды. 1964 жылы дженарал моторс компаниясы DS1 автоматтандырылған жобалау жүйесін ойлап тапты, ол IBM мен бірге жасап шығарыла бастады.

Содан бері ақпаратты графикалық тәсілмен беру компьютерлік жүйелердің, әсіресе дербес компьютерлердің ажырамас бөлігі болып табылады.

Компьютерлік графика – арнайы есептеу кешендерінің көмегімен бейнелерді жасау мен оларды өңдеу құралдары мен әдістерін зерттейтін пән болып табылады.

Компьютерлік графика монитор экранында немесе сыртқы тасымалдаушыларда (қағаз, кинопленка, мата және т.б.) көшірмелерінде кескіндерді бейнелеудің барлық түрлерін қамтиды.

Деректерді көрнекілеу адамзат қызметінің әр түрлі салаларында орын алып келеді. Мысалы, медицина (компьютерлік томография), ғылыми зерттеулер, киімдерді модельдеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар және т.б.

Кескіндерді жасаудың тәсілдеріне қарай компьютерлік графика келесі түрлерге бөлінеді:

– растрлық;

– векторлық;

– фрактальдық.

Пәннің тағы да бір ерекше бөлімі – үшөлшемді (3D) графика. Бұл пән объектілердің көлемдік модельдерін виртуалды кеңістікте құрастырудың әдістері мен тәсілдерін зерттейді. Әдетте мұнда кескіндеудің векторлық және растрлық тәсілдері үйлесімді қолданылады.

Түстеріне байланысты графика қара-ақ және түрлі-түсті болады. Әр түрлі салаларға мамандандырылғанына байланысты инженерлік графика, ғылыми графика, Web-графика, компьютерлік полиграфия және т.б. түрлері болады.

Компьютерлік графика көбінше тек құрал ретінде қолданылғанмен, оның құрылымы мен әдістері математика, физика, химия, биология, статистика, бағдарламалау және т.б. фундаментальді және қолданбалы ғылымдарының жетістіктеріне негізделеді. Сондықтан компьютерлік графика қарқынды дамуда және көп жағдайда жалпы компьютерлік индустрияда жетекші орын алады.

Компьютерлік графика түрлерін зерттей келе мынадай шешімдерге келдім:

Архитекторлар алғашқы сызба-нұсқаларын компьютерлік графиканың векторлық түрімен орындағаны тиімді.

Инженерлер жұмысын векторлық графикада жасағаны қолайлы.

Суретшілер өзінің талғамына қарай мультфильм кейіпкерлерін қай түрде сипаттағысы келсе, растлық пен векторлық кескіннің екеуінде пайдалануға болады.

Дизайнерлерге векторлық кескінмен жұмыс істеу қолайлы.

Жарнамалық роликтерді сипаттауда 3D-үшөлшемді графика тиімді болып отыр, себебі болашақ тұтынушыларды еліктіруде күнделікті өмір мен виртуалды әлемде тауарды сипаттауда жарнаманың сапасын жоғарылатады.

Ақмарал Тыныбекова,

Шымкент қаласы білім басқармасы, Политехникалық колледжінің информатика пәнінің оқытушысы.