ШЫМКЕНТТЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТЫН КӨТЕРЕТІН ЖАҢА ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Былтыр ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту мақсатында 11 салаға сыртқы талдау жүргізген. Нәтижесінде біраз кемшіліктер анықталып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын жағдайлар байқалған.
Сыртқы талдау еңбек және әлеуметтік қорғау, кеден, жер қатынастары, метрологиялық қызмет, мемлекеттік сараптама, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмек, құрылыс, тұрғын үй және тұрғын үй қатынастары, энергетика салаларына жүргізілілген. Талдаулардың қорытындысы бойынша барлығы 84 ұсыныс енгізіліп, оның 65-і орындалған.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте аталған департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев айтты.
Сонымен қатар ол, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сонымен қатар өмірлік маңызды мәселелерді шешу үшін халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына құқықтық көмек көрсету мақсатында «Adal kómek» жобасы жүзеге асырылып отырғандығын жеткізді.
«Adal kómek» жобасы аясында азаматтарға берілетін кеңес беру агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті ғимаратында (Қазыбек би көшесі,№3) әр аптаның сенбісінде сағат 11-00-ден 13-00-ге дейін жүргізілетінін айта кетейік.
М. ӘБДІРАЙЫМ.