ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАСЫЗ ТӨЛЕМ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Нарықтағы дәстүрлі сауданы электронды сатылым ығыстырып келеді. Қос тарап үшін тиімді тұсы көп, пайдасы да жетерлік екені әлдеқашан дәлелденіп қойған электрондық коммерция нарығы озық қарқынмен дамуда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша бөлшек электрондық сауданың әлемдік көлемі 3,5 трлн АҚШ долларынан асып түскен. Осылайша сарапшылар бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын 20 пайызға артып отырғанына көз жеткізген. Қазақстанда да бұл көрсеткіш бойынша динамикалық өсу бар.
Еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше былтыр Қазақстанда электрондық сауда нарығы 700 млрд теңгені құраған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге көп.
Қазіргі таңда Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Бірақ олардың 600-ге жуығы ғана салық органына тіркелген. Министр Бақыт Сұлтанов алдағы уақытта бұл бағытта нарықтың реттеу тәсілдерін қатаңдатып, осы саланың заңдық жағы қарастырылатынын жеткізді.
Қазіргі таңда қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемін ұлғайтудың экономикалық өсімге сеп беретіні жиі айтылып жүр. Министрдің сөзінше өткен жылы Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 14,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3 есеге көп. Сондай-ақ, электрондық саудада 36,8 мың жаңа жұмыс орны ашылған екен.
С. Нұрай.