APPLE iPhone СМАРТФОНЫН ЖЕТКІЗУДІ АЗАЙТАДЫ
Жоспар жүзеге аспады. Apple компаниясы өз инвесторына биыл қаңтарға болжаған табыс болмауы мүмкін екенін ескертті. Іргелі компания Iphone смартфонының сатылымынан 63-67 миллиард доллар пайда түседі деп жоспарлаған.
Бірақ компанияның бұл жоспарының іске асуына Қытайда кең таралып, өзге елдерде тіркеліп жатқан коронавирус кеселі зор кесірін тигізіп жатыр.
Әзірге дауасы табылмай жатқан коронавирустың таралуына орай смартфонға қажетті бөлшектерді шығаратын көптеген кәсіпорындардың жұмысы уақытша тоқтатылған. Эпидемия салдарынан демалыс уақытын созудан басқа амалы қалмаған зауыттар, қазір іске кіріскенмен, өндірістің қажетті қарқынына қол жеткізе алмай отыр. Ал Қытайдағы жағдай тіпті мәз емес. Елдегі Apple дүкендерінің бірі жабық болса, енді бірі жұмыс уақытын қысқартқан. Осыған орай Apple компаниясы әлем бойынша жаңа модельді iPhone смартфонын жеткізу шектелетінін мәлімдеуде.
Сарапшылар коронавирустың тоқтаусыз тарауы тек Apple-ге ғана емес, Қытай мен әлем елдеріндегі 5 млн-ға жуық компанияларға кесірін тигізуі мүмкін деп болжауда.
С. Нұрай.