СЕНІМГЕ ЛАЙЫҚ ЕМЕС СУДЬЯ ҚАНША?

Былтыр елімізде 37 судья жұмыстан шығарылған. Судьялардың тағдыршешті мәселені қарау сенімінен айырылуына заңсыз шешім қабылдауы, сот әдебін бұзуы, аттестациядан өтпеуі сынды теріс әрекеттері себеп болған. Олардың бірқатары тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке де тартылған.

Бұл туралы Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған кезінде мәлімдеді.
Кездесу барысында жаңа судьяларды іріктеу, конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен кадрларды ілгерілету ісін объективті жүргізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Жақып Асанов президентке сот шешімдерінің сапасын арттыруға бағытталған шаралар жөнінде мәлімет берді. Өз кезегінде мемлекет басшысы төрағаға «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған міндеттерді орындау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Естеріңізде болса, өткен жылдың басында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов ел аймақтарында бұрыс шешім не үкім шығарып, заңды өрескел бұзатын судьялардың бар екенін, оған апелляциялық соттан үмітін үзіп, Жоғарғы сотқа құжатын арқалап келетін жүздеген жұрттың сабылысы дәлел болып жүргенін айтып, ендігі кезекте бұл мәселемен мықтап кірісетінін ескерткен болатын.
Тіпті ол «Әріптестер, естеріңізге сақтаңыздар, ешқайсыңызды аямаймыз. Судья деген атқа кір келтірсеңіздер сіздерді ешкім қорғамайды», — деп қадап айтқан.
Судья деген атқа кір келтіріп, сенімнен шыққан судьялардың саны да белгілі болды. Алдағы уақытта олардың қатары қаншаға көбейетіні тақсыр уақыттың еншісінде.