ҚАТАЛ ТӘРТІП ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚАПТАҒАН ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫ АЗАЙТАДЫ МА?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан біраз бұрын жол жүру мәдениетінің төмендегенін айтып, қолданыстағы заңды қатаңдатуды тапсырған болатын. Соған сәйкес әзірленген заң жобасына Президент өткен жылдың 30-желтоқсанында қол қойған. Жаңа заңда көлік құралын басқару кезінде тәртіпті сақтамаған, ережені елемеген жүргізушілер үшін қолданылатын жазалар қатайтылғаны белгілі.

Өзгертілген заң осы жылдың 11-қаңтарынан бастап күшіне енген. Енді заңның қатаңдалуы Түркістан қаласындағы қаптаған заңбұзушылықтардың санын азайта ала ма?
Осы жылдың қаңтар айының алғашқы онкүндігінде Түркістан қаласының сақшылары жүргізушілердің және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың жол қауіпсіздік ережелерін сақтауы бойынша алдын алу іс-шараларын өткізді. Шара нәтижесінде тәртіп сақшылары 1883 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның басым көпшілігі дәлірегі, 1614-і жол қозғалысы ережелерін сақтау және 269-ы қоғамдық тәртіпті бұзу болып табылған. Темір тұлпар тізгіндегендердің жолда жүру мен азаматтардың қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстауы мәдениетін барынша жақсарту мақсатында бағытталған шара кезінде полицейлер жол-көлік оқиғаларының басты себебі жүргізушілердің тәртіпке пысқырып қарамайтындығы себеп болатынына көз жеткізген.
Анықталған әкімшілік құқықбұзушылық нәтижесінде 156 тәртіп бұзушының автокөлігі айыппұл тұрағына қойылған. Мас күйінде көлік басқарған 5 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Рейд барысында полицейлер мемлекеттік тіркеу нөмірін қолдан жасап, жалғанды жалпағынан басып жүйіткіп жүргендерді де кезіктірген. Қарсы қозғалыс жолағына шығып өзінің де өзгенің де өміріне қауіп тудырғандарды да тоқтатып, тиісті шара көрген. Жаяу жүргіншілердің жол жүру ережелерін бұзғандарға да заң аясында шара қолданған.
Түркістан қаласының полицейлері алдағы уақытта мұндай жұмыстар жүйелі жалғасатынын мәлімдейді. Рейдтік шаралар алдағы уақытта Түркістандағы жол қозғалысындағы заңбұзушылықтарды азайта алады ма әлде жоқ па? Егер сақшылар темір тұлпарын тәртіп бұзып басқаратындарды анықтау кезінде әділдіктен аттамай, заң аясында жазаға тартатын болса біраз жүргізушілер «ақырын жүріп, анық басатыны» сөзсіз.