ӘЛЕУМЕТТІК ПАКЕТТЕГІ ӨНІМДЕР БАЛАЛАРҒА ӘЛ БЕРЕ МЕ?

Үкімет осы жылдың 1-қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа механизмін енгізгені белгілі. Атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі — АӘК) алатын табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілетіні де мәлім.

Әлеуметтік пакет құрамына не кіреді? Оның берілу жиілігі қандай?
Primeminister.kz сайтының бұл сұрағына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Аяжан Жанғабылова төмендегідей жауап берді.
– Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің екі түрі бар, олар баланың жасына байланысты. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық химия тауарлары қарастырылған. Азық-түлік тауарлары түрлі жарма, езбе (пюре), шырын, сүт және т.б. қамтиды. Азық-түлік жиынтығын балалар ай сайын алатын болады. Тіс пастасын, балаға арналған щетка, кір жуатын ұнтақ, сабын сияқты тұрмыстық химия тауарлары тоқсанына бір рет ұсынылады. Әр балаға бір пакеттен беріледі. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ, тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған. Мектеп жасындағы балаларға әлеуметтік топтама оқу жылының соңына дейін мектеп тарапынан беріледі. Ал азық-түлік жиынтығы мен химиялық тауарлар жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестіріледі. Бүгінгі күні тауар сатып алынатын мекемелер Үкіметтің қаулысымен бекітілген.
Сонымен қатар Аяжан Жандарбекқызы кепілдендірілген әлеуметік топтамаға кіретін азық-түліктердің тізбесін көптеген балалар ағзасында темір мен басқа да дәрумендердің, минералдардың жетіспеушілігін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынғанын атап өткен.