КИЕЛІ ШАҺАРДА ЖӨНІ БӨЛЕК ЖИЫН ӨТТІ

Түркістан қаласында «Батыр ана» көпбалалы іскер аналар форумы өтті. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткізілген жиынның мақсаты – өңірде көпбалалы аналардың мәртебесін көтеру, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету. Форумға облыстың аудан, қалаларында кәсіпкерлік саласында және өзге де салаларда жемісті еңбек етіп жүрген 100-ге жуық көпбалалы аналар қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.

Ел демографиясының өсуіне зор үлес қосып қана қоймай, түрлі салаларда жемісті жұмыс үлгісін көрсетіп жүрген көпбалалы аналардың басын қосқан бұл жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп отырды. Өз кезегінде ол «Nur Otan» партиясының көпбалалы аналарға қолайлы жағдай жасау бағытында «Бақытты отбасы» жобасын қолға алғанын сіздер жақсы білесіздер. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралау, көрсетілген қолдауларды паш ету арқылы өзге де әйелдердің кәсіпкерлікке бет бұруын насихаттап отырмыз. Мақсат айқын – әлеуметтік жағдайды барынша көтеру», — деді.
Ал «Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалының директоры Дінмұхаммед Абсаттаров болса кәсібін ашамын деген көпбалалы аналар үшін тиісті қолдаулардың барлығын кәдеге жаратуға қолдау көрсететінін айта келе, «осы жылы «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары аясында облыс бойынша 3345 әйел білім алды. «Еңбек» бағдарламасы аясында 3 мыңнан астам әйел жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 1,5 млрд. теңге көлеміндегі гранттарды иеленді. Егер де өңірдегі әйел азаматтар «Кәсіпті неден, қалай бастаймын?» деген сұрақ мазаласа, біздің бизнес-тренерлер «Бастау» жобасы бойынша 1 ай бойы кәсіпкерлік негіздеріне үйрететінін баса айтқым келеді. Кәсіпкерлік негіздерін үйренгендерге қаржыландыруға және қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндік туады. 2019 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бизнес кеңесші» компоненті бойынша 731 әйел білім алды. 200-ге жуық әйел 680 млн. теңге көлемінде қаржыландырылды», — деп атқарылған жұмыстарды саралады.
Жиында «Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрайымы Инара Намазбаева өңірде іскер әйелдер санының артып келе жатқанына тоқталды.
Ал 9 баланың анасы, медицина саласының өкілі, түркістандық Жанат Еринбетова әйелдер қауымы әрі демографияға үлес қосуға және жұмыс істеуге уақыт табуға болатынын жеткізді. Сондай-ақ, 14 адамды жұмыспен қамтып отырған сайрамдық көпбалалы ана Шахтыкүл Бегзатова да замандастарын кәсіпкерлікпен шұғылдануға шақырды. Сондай-ақ, облыстың түкпір-түкпірінен келген ардақты аналар өз тәжірибелерін ортаға салып, құнды пікірлер ортаға салды.
Форум аясында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен «Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалы арасында партиялық жобаларды жүзеге асыру және көпбалалы әйелдерге қолдау көрсету жөнінде меморандумға қол қойылды.
Одан соң рухани астанаға келіп қанаттанған ардақты аналар
Қ. А. Ясауи кесенесіне зиярат етіп, Түркістаннан тың күшпен аттанды.
Түркістан облысында 144 мыңға жуық кәсіпкер бар болса, соның 46 мыңға жуығы немесе 32 пайыздан астамы әйелдер. Өңірде кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдердің дені тігін шеберханасын, кондитерлік цехтар, оқыту орталықтарын ашып, қызмет көрсету салаларында жұмыс атқарып келеді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 90 мыңдай көпбалалы отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелерінің басым бөлігі Түкістан өңірінен екенін айта кетейік.

А. САТЫБАЛДЫ.