ТҮРКІСТАНДА ҮЗДІК ЖАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан қаласында «Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдырудағы жастардың рөлі» атты жиын өтті. «Жастар жылының» жабылуына орай өткізілген шараға жас кәсіпкерлер мен ғалымдар, еріктілер, өнер мен спортта биік белестерді бағындырып жүрген облысқа танымал, белсенді жастар қатысты. Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов облыста қарқынды жұмыс атқарған жастарға жылы лебіз білдірді.
Басқосуда «Жас Отан» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрайымы Жұлдыз Намаз жастар жылында жасотандықтардың атқарған жұмыстары мен еріктілер жылында атқарылатын жобалар жайында баяндап, Елордада өткен жастар форумында Президентіміздің жастарға деген аманатын жеткізді. Сондай-ақ, шарада, «ПРООН» сертификатының иегері, «Торлан строй» ЖШС атқарушы директоры Шадияр Тулеев пен жас ғалым «Әлемдік экономика» бойынша PhD докторанты Амалбек Өміртай, Кентау трансформатор зауытының дәнекерлеу өндірісінің бас маманы Ерболсын Жаманқұлов, «DS Group» компаниясының директоры Серікбол Данышбаев, облыстық «Нью Дженирэйшн лидерс» еріктілер тобының жетекшісі Айдана Есіркеп сөз сөйлеп, өңір басшысына алғысын білдірді.
Шара түрлі салаларда жетістіктерге жеткен, аудан, қалалардан іріктеліп келген, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздік жастарды марапаттау рәсімімен жалғасты.
Бүгінде Түркістан облысында 500 мыңнан астам жастар бар. Бұл облыс халқының жалпы санының 25,2% -ын құрайды.
М. ӘБДІРАЙЫМ.