«NUR OTAN» партиясы – нақты істердің бастауы

Халқымызда «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» деген дана сөз бар. Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына кіргізу – халқымыздың алдындағы ең үлкен
мұрат, ұлы мақсат. Бұл «Nur Otanның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуға тиіс» — деп айтқан болатын.

«Nur Otan» партиясы құрылған кезден бастап-ақ өз бағдарламасында тұжырымдалған міндеттерді ойдағыдай шешіп келеді. Партиямыздың бағдарламалық ұстанымының дұрыстығын уақыт көрсетіп берді және ол нақты істермен дәлелденді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының Төрағасы
Н. Ә. Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама партияның белсенді мүшелерін топтастыру, яғни партияның ядролық электоратын қалыптастыру мен бастауыш ұйымдардың ролін көтеру; жемқорлықпен күресті күшейту мен партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдау; барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыру мен биліктің барлық деңгейіндегі партия алдындағы жауапкершілігін арттыру; халықпен, оның барлық әлеуметтік топтарымен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізу; партияның ақпараттық-идеологиялық жұмысын қарқынды ұйымдастыру және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды қамтиды.
Елбасының партия жұмысын ілгерілету бағытындағы тапсырмалары өңірлердегі мәслихаттардың жауапкершілігін күшейтіп, жұмысын ширату, қоғамдағы ең өзекті әрі аса маңызды мәселелерді айқындап, оны шешу жолдарын ұсыну секілді бағыттарды көздейді. Партияның кездесу жиынында айтылған бастамалар баршамызға тың серпін беріп, жаңа межелерді белгілеп берді.
«Nur Otan» партиясының Отырар аудандық филиалында 15 бастауыш партия ұйымы жұмыс атқарады. Онда 3581 мүше тіркелген. Қазіргі кезде филиалда Қазақстанның Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын іске асыру мақсатында ауқымды іс-шаралар атқарылуда.
Партияның маңызды жұмысының бірі — қоғамдық қабылдау. Осы бағытта партия филиалы тұрақты түрде аудан тұрғындарының арыз-шағымы, өтініш-талаптары бойынша ауыл округтеріне барып көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізіп келеді. Оған аудан басшысы, орынбасарлары, бөлім меңгерушілері мен БАҚ өкілдері қатысады. Сонымен қатар әр аптаның бейсенбі күні филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарынан түскен арыз-шағымдар бойынша тиісті сала басшылары қоғамдық қабылдау өткізіп, әрбір қабылдауда көтерілген мәселелер есепке алынып, оның жүзеге асырылуы бақылауға қойылады.
Елбасы Елордада өткен жиында депутаттық фракциялардың жұмысын күшейтіп, депутаттардың жауапкершілігін арттыруды тапсырған болатын. Партия атынан сайланған әр депутат ел сенімін ақтау жолында еңбек етуі тиіс. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстарға баса көңіл бөліп, фракция жұмысын күшейту шараларын жүйелі жүргізіп келеміз.
«Nur Otan» партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаттары өз округтеріндегі өміршең мәселелерге назар аударып, мәслихат сессияларына сауалдар жолдап келеді. Өз кезегінде Nur Otanдық депутаттар республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен салынып жатқан әрбір әлеуметтік құрылыс нысандарына бақылау жүргізеді. Ауданның бірқатар елді-мекендеріндегі жаңа нысандардың кемшіліктері, құрылыс ақаулары дер кезінде жөнделіп, сапалы жүргізілуіне ықпал етуде.
Жыл басынан бері Отырар аудандық мәслихатында депутаттық фракцияның 6 мәжілісі өткізілді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары – фракция мүшелері түрлі мәселелер бойынша биыл 12 айда 112 жеке қабылдау жүргізіп, 125 азаматтың мәселелері қаралды.
«Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалының ұйытқы болуымен, аудандық кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттарының қатысуымен құрылған қор есебінен 644 отбасыға 6 млн. 644 мың теңгенің көлемінде азық түлік себеттері таратылды. «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында «Шілік» бастауыш партиясының бастамасымен «Ел — ана» монументі ашылды. «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл ардагерлеріне Жеңіс күні мерекесіне орай құрмет көрсетіліп, сый сияпаттар табысталды. Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен арыз-өтініштер, шағымдар бойынша шұғыл жұмыс жасап, оңтайлы шешілуіне барынша жағдай жасалып, заң аясында кеңестер берілуде.
Аудандық филиалда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жандандыру ісі бойынша бірлескен дөңгелек үстелдер өткізіліп, қауіпті індеттің себеп-салдары және оны жою жолдары таныстырылды. «Жастар жылына» байланысты аудан жастарымен кездесіп, қордаланған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Елбасының партия мәжілісінде берген тапсырмаларының бірі халықпен ашық байланыс орнатып, халыққа барынша көмек беру. Осыған орай
«Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалында жаңа форматта кездесу жиыны ұйымдастырылды. Партияға өтініш айтып келуші азаматтардың көпшілігінің өтініштеріне қарай аудандық «Отырар Жылу» мемлекеттік мекемесінің басшысы С. Үркімбаевпен сұрақ-жауап түріндегі ашық алаң кездесуі өтті. Шараны қарымды қаламгер, білікті журналист, «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы А. Ақылбек жүргізді. Жиынға аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы мен ауыл округінің әкімі және ауыл тұрғындары қатысты. Кездесуде тұрғындар сала басшыларына толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Бұл іс шаралар тұрақты өткізілетін болады.
Партияның беделін көтеру мақсатында тұрақты түрде аудан мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жиналысы өткізіліп тұрады. «Менің туым, менің Отаным!» патриоттық акциясы аясында аудан орталығындағы руханият «Әбу Насыр Әл-фараби» музейінде, Құрманбеков атындағы кәсіптік колледжінде, «Оқсыз» спорт кешенінде және Талапты елді мекеніндегі «Сапар» орталығында Қазақстан туының мерейі ұлықталып, рәміздердің мән-мағынасы тереңінен түсіндірілді. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оның өз деңгейінде өтуіне қолқабыс жасалды. Атап айтқанда көпбалалы, аз қамтылған 21 отбасының тұрғын үйіне аудандық бюджеттен және демеушілердің есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері барлық ауыл округтерінде, елді мекендерде болып, сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысымен тұрғындарды таныстыруы кездесулерін өткізді. Сонымен қатар «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында партиялық бақылау комиссиясының мүшелері аудан орталығы Шәуілдір елді мекеніндегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген 5 көшенің сапасымен танысып, бақылауға алып келеді.
Сонымен қатар өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Қоғам ауылындағы Ұ. Арғынбеков даңғылы бойындағы аяқ жолдарды, жарықшамдарды, қоршауларды, автотұрақтарды абаттандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстарына партия тарапынан бақылау жұмыстары жүргізіліп, жұмыстардың сапалы атқарылуы қадағалауға алынған.
«Nur Otan» – Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырушы партия. Елбасы, партия Төрағасы партияның алдына кез келген уақыт сынағына сай жедел және сапалы жауап беру міндетін қойды. Осы орайда партия әрқашанда күрделі мәселелердің оңтайлы жолын тауып, тиімді шешімдер қабылдап келеді. Біздің ортақ мақсатымыз – халқымыздың өмір сүру сапасы мен әлауқатын арттыруға, елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға, қоғамның тұрақтылығын сақтауға бағытталған партия лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамаларын жүйелі түрде жүзеге асыру. Жауапкершілігі мол бұл міндеттерді іске асыру әрбір партия мүшесінің борышы.
«Бақытты отбасы » жобасының аясында Мыңшұқыр елді мекенінен барлығы 26 отбасына пәтер кілттері тапсырылды, оның ішінде 10 көп балалы аналар, 5 тұл жетім, 5 әлеуметтік әлсіз топ, 4 бюджет қызметкеріне, 2 апатты үй иелерінің иесіне тапсырылды.
Халыққа көмек жобасы аясында «Nur Otan» филиалы ұйымдастырылуымен Көксарай ауыл округінің тұрғын үйі өртенген бір азаматқа демеушілер есебінен көмек берілді. «Jas Otan» жастар қанатының жігіттері қол күшімен көмек көрсетті.
Қазақстан бүгінгі күні іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы күннен-күнге, жаңашылдыққа ұмтылып инновациялық-индустриалды бағытта дамыған қуатты мемлекетке айналуда. Міне, осынау тəуелсіздік алған жылдар аясындағы ел ырысын арттырып, береке-бірлігін нығайту жолындағы «Nur Otan» партиясының үлесі зор, ізі айшықты. «Nur Otan» партиясы «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Стратегиялық бағдарламасын негізге алып, қоғам өміріндегі маңызы зор мəселелерге араласып, ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқаны мəлім. Тарихи құжаттың басты бағыты – халықтың əлеуетін көтеру, инновациялық-инфрақұрылымдық талаптарды негізге ала отырып, ел игілігіне бағыттау болып табылады. «Nur Otan» еліміздің барлық аймақтарында қанатын жайған, қатары көп, халықтың зор сеніміне ие болған жетекші партия ретінде жарқын істердің жаршысы əрі дем берушісі болып келеді.

А.Құрман,
«Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары.