ТҮЛКІБАСТА ИГІ ШАРА БОЛДЫ

Төрткүл дүниеде өмір сүріп жатқан адамдардың 10 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар. Бірақ олардың арасында мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан өзінің сүйікті ісімен шұғылданып, талантымен талайларды таңғалдырып жүргендері көп кездеседі. Олардың көпшілігі шығармашылық жұмысқа бет бұрған.

Туындылары көптің көңілінен шығып, талайларды таңғалдырып жүр. Мәселен, Мариуш Кедзерский дүние есігін ашқаннан бері екі қолы жоқ болса да, ол сурет салу арманын іске асырған. Хуан Гофу екі қолынан айырылса да, 12 жасында екі аяғымен сурет салуды меңгерген. Мықты ерік-жігер иесінің бірі Питер Лонгстафф. Ол екі қолсыз туылса да екі аяғымен сурет салуды үйренген. Бұларды тағдыр салған тәлкектен алып шыққан ең басты нәрсе адамдардың мейірімі мен жан жылуы болған. Сондықтан да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әрдайым мейірім шапағатын сыйлау, көмек беру олардың өмірдің күнделікті күйбең тірлігінен өзін алшақ ұстамауына, өзін-өзі кем тұтып, көп нәрсеге құлықсыздық танытуынан құтқаратын бірден бір жол.
Осыны терең түсінген Түркістан облысы, Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жергілікті жердегі мүмкіндігі шектеулі балалардың басын қосып, мерекелік шырша ұйымдастырды. Шара аудандағы мәдениет үйінде болды.
Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шарада концерттік бағдарлама қойылды. Аяз ата мен Ақшақар, ертегі кейіпкерлері өрендерді шат-шадыман қуанышқа бөледі. Өз кезегінде тақпақ айтып, ән салған, би билеген балаларға көрсетілген құрмет олардың көңілін семіртті. Шараға қатысқан барлық балаларға сыйлықтар тарту етілді. Өз кезегінде аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков жиналғандарға лебіз айтып, балаларға бақыт тіледі. Сонымен қатар ол, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына моральдық тұрғыда демеу жасау негізгі міндеттерінің бірі екенін баса айтты.
Қазіргі таңда Түлкібас ауданында 18 жасқа дейінгі 697 мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Олардың сауығуына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне, емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасалуда. Сонымен қатар, балалардың демалыс лагерлерінде демалуына, жоғары оқу орындарына түсуіне, оқу-құралдармен қамтамасыз етілуіне тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.

С. НҰРАЙ.