ПРОКУРАТУРА – МЕМЛЕКЕТТІҢ СЕНІМДІ ТІРЕГІ

Үшінші мегаполистің прокурорлары 580 мың адамның құқын қорғаған. Қадағалаушы орган тарапынан жүргізілген 41 тексеру және 117 талдау нәтижесінде 600-ге жуық адам жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 31 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқын қорғап, әділдіктің салтанат құруын қамтамасыз еткен.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйден оқытқаны үшін 4400-ден астам мұғалімнің жалақысына қосымша 62 млн. теңгенің өндірілуін жолға қойған.
Прокурорлық актілер негізінде 227 мың тұтынушының құқықтары қорғалған. Прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының қызметтік бөлмелерінде заңсыз ұсталып отырған 21 адамды босатып, соңғылардың бостандық құқықтарын қалпына келтірген. Бұл ағымдағы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш.
Жыл сайын елімізде 6-желтоқсан Қазақстан Республикасы Прокуратурасы күні аталып өтетіні белгілі. Айтулы күнде қадағалаушы орган өкілдері басқосу ұйымдастырып, атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларын талқылайтыны дәстүрге айналған. Бұл күн Шымкент қаласының прокуратурасында да аталып өтті. Оған қала әкімі Ерлан Айтаханов, «Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, қала прокурорлары мен саладағы ардагер қызметкерлер Мақсат Қожабаев пен қалалық прокуратура қызметкерлері қатысты.
Басқосуда сөз алған қала әкімі Ерлан Қуанышұлы «Құрметті прокуратура органдарының ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді Қазақстан Республикасы Прокуратурасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі прокуратура мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттерді орындап отырған, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі мемлекеттің сенімді тірегі. Сала қызметкерлері прокуратура органы қалыптасқалы бері заңдылықтың күзетінде жүріп, елімізде заңның дұрыс және біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуде табандылық танытып, аянбай еңбек етіп, өз қызметтік міндеттерін адал атқарып келеді», — деді.
Қала прокуроры Мақсат Қожабаев болса, әрбір прокурор үшін бүгінгі күннің маңыздылығына тоқталып, әріптестерін құттықтады және оларға жауапты міндеттерді орындауда үлкен жетістіктер тіледі.
Мерекелік басқосуда өз қызметтерін мінсіз, адал атқарып, жоғары нəтижелерге қол жеткізген сала қызметкерлері Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Алғыс хаттарымен, «Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Кәсіби мереке құрметіне бірқатар прокурорларға арнайы сыныптық шендер беріліп, «І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдары және «І, ІІ дәрежелі «Прокуратура үздігі» төсбелгілері табысталды.
Елдің тыныштығы мен игілігі үшін уақытпен санаспай қызмет атқарып жүрген қызметкерлер бұл күні Шымкент қаласы әкімінің арнайы грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Жиын прокуратура қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Ж. АРМАНОВА.