ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ЖАЗЫЛҒАН ТҰРҒЫНДАР КҮРТ ӨСКЕН

Апта басында Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов
азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады.

Қабылдауда болған тұрғындар қала басшысының алдына жұмыспен қамту, әлеуметтік жәрдемақы алу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі туралы мәселені көлденең тартты. Қаладағы инженерлік-инфрақұрылымдық бағыттар бойынша атап айтқанда, кәріз жүйесі, көше атауы, жол, газ, жарық жөнінде бұйымтай айтқандар да көп болды. Сондай-ақ, баспанамен қамтуды сұрап келген азаматтар да кездесті. Өз кезегінде қала әкімі коммуналдық проблемалар бойынша жұмыстар рет-ретімен шешілетінін айтты. Ол келер жылы қаланың шалғай елді мекендерінде ауыз су мәселесі біржола реттелетінін мәлімдеді. Ал тұрғын үйлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезек бойынша берілетінін жеткізді.
Мегаполис басшысы тұрғын үй мәселесін алға тартқан тұрғындарға «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысуға шақырды.
Қала әкімінің тұрғындарды қабылдауы жүйелі түрде өткізіліп келе жатқаны белгілі. Әр қабылдауда тұрғын үй мәселесі бойынша мұңын шағатын тұрғындар жетерлік.
Жалпы соңғы бес жылда тұрғын үй кезегіне тұрған тұрғындардың саны күрт өскен. Мәселен, 2014 жылы пәтер алуға кезекке тұрғандар саны 13800-ді құраған болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш — 21400, 2016 жылы — 28400, 2017 жылы — 34100, 2018 жылы – 35168 адам болған. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының мәліметтеріне сәйкес, биыл Шымкентте 40 571 адам мемлекеттік қордан пәтер алу кезегінде тұр. Кезекке тұрғандардың ішінде жетім балалар саны – 1656, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінің саны -12 763, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлер саны — 21 127, көп балалы аналар — 4453, апатты баспанасы барлардың саны – 25 адам болып табылады.

Ж. АРМАНОВА.