ҚАСІРЕТ ҚҰРБАНДАРЫ МЕН АРДАГЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

«Жарылыс болғаннан кейін бізді қатардан шығарады. Кейде мұрнымыздан қою қан ағып, ұшып түсеміз. Медициналық бөлімнен келгендер дәрі береді де күн сәулесінің әсері деп кете барады. Біз оның радиацияның кері әсері екендігін білмедік. Жүре бердік. Полигондағы сынақ зардабын әлі көріп отырмыз». 

Кезінде Семейдегі ядролық полигон жұмысына жіберілен қатардағы сарбаз, қазіргі таңда «СҚО Семей полигоны» Қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Асқар Мусин есімді азамат ядролық сынақ алаңындағы жұмысын осылай деп қынжыла баяндайды. Өкінішке орай бұл жәйт тек сол кісінің ғана емес, сынақ алаңына жіберілген барлық азаматтардың жүрегіне жазылмас жара салғаны белгілі. Семей ядролық сынақ полигонында əскери борышын өтеген сарбаздар сапында шымкенттіктер де болған. Қазіргі таңда Шымкентте Семей ядролық сынақ полигонында əскери борышын өтеген 1000-нан астам ардагер бар. Ядролық сынақ алаңының құрбандарының рухына тағзым ету, ардагерлеріне құрмет көрсету азаматтық міндет.
Осы мақсатта Шымкенттегі Жұмабек Тəшенов және Бекет Батыр көшелерінің қиылысында «Семей ядролық сынақ полигонының» құрбандары мен ардагерлеріне арналған ескерткіш тақташа орнатылды. Оның ашылу рәсіміне ҰОС ардагерлері, әскери қызметкерлер жəне БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты шараның ашылуында Шымкент қаласы ішкі саясат жəне дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерлан Керімбеков сөз алып, ескерткіштің мегаполис тұрғындары үшін маңызы зор екеніне тоқталды.
Бұдан соң «Ядролық соғыс қаупінен Отан қорғаушы-ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Мəмбетов жиналғандарды тарихи ескерткіштің ашылуымен құттықтап, өскелең ұрпақ үшін оның құндылығы жоғары екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, Семей ядролық полигонында тұңғыш рет атом бомбасы 1949 жылдың 29-тамызында басталды. Өкінішке орай қатарынан 42 жыл бойы ол жер сынақ алаңы болды. Сол уақыт ішінде жүргізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Жарылыстың 116-сы ашық түрде яғни, жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды. Жүргізілген жарылыстың салдарынан миллиондаған адам дертке ұшырап, бақилық болды. 1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада – Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Қозғалысты белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Араға тура 42 жыл салып қана — 1991 жылы зұлматты сынақтарға нүкте қойған «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Президент Жарлығы шықты. 1991 жылдың 29-тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Ж. АРМАНОВА.