«ТМД ЕЛДЕРІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ» ЖОБАСЫ – ДОСТЫҚ ДӘНЕКЕРІ
Кеше Беларусь мемлекетінің Брест қаласында «ТМД елдерінің мәдени астанасы» эстафетасы Қазақстанның Шымкент қаласына салтанатты жағдайда табыс етілді. Мыңжылдық тарихы бар Брест қаласы 2019 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болғаны баршаға белгілі. Осыған орай Брестте биыл ТМД елдеріндегі іргелі шығармашылық ұжымдарының қатысуымен жүзге жуық музыкалық, білім беру және театрлық бағдарламалар жұртшылыққа паш етілді. Қалада көптеген іс-шаралар алғаш рет өтті.
“Берестейские ассамблеи” атты ұл балалар хорының фестивалі, “Танцевальная радуга” хореографиялық жарысы, халықаралық балалар экслибрис байқауы, “Мыңжылдықтар шеруі” халықаралық Оркестрлер шеруі, балалар театрлары мен “Книжный шкап” кітаптар фестивалі, ТМД мемлекеттері кітапханашыларының конференциясы және тағы басқа шаралар ұйымдастырылды.
Ағымдағы жылдың 9-желтоқсанында Беларусьтегі Брест академиялық драма театрында өтетін салтанатты рәсім есте қаларлық жылдың қорытынды аккордына айналды. Сол жерде «ТМД елдерінің мәдени астанасы» эстафетасын Шымкент қабылдады.
«ТМД елдерінің мәдени астанасы» жобасы 2010 жылы Минскте өткен гуманитарлық саладағы салалық ынтымақтастық органдары басшыларының екінші Үйлестіру кеңесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы тарихи-мәдени мұра жылы аясында қолға алынды. Бағдарламаны дайындау және іске асыру туралы бастаманы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қоры ұсынды. 2010 жылғы 4- қазанда Мәскеу қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мәдени ынтымақтастық жөніндегі кеңесінің XXV-мерейтойлық отырысында аталған ұсыныс қолдау тапты. Сол жерде бағдарлама тұжырымдамасының жобасы толығымен мақұлданды.
2012 жылғы 5-желтоқсанда Ашхабад қаласында Достастық мемлекеттері басшыларының кеңесі «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы туралы ережені бекітті.
Бағдарлама «Достастық елдердің мәдени астанасы» мәртебесін алған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің саяси емес қалаларында Достастық мемлекеттерінің шығармашылық ресурстарын жыл сайын шоғырландыруды, берік тарихи қалыптасқан мәдени байланыстарға негізделген мәдени және гуманитарлық іс-шаралардың жарқын, бай және әртүрлі палитрасын құруды көздейді. Бағдарлама қалалардың бай мұрасына назар аудара отырып, олардың әлеуетін ашуға арналған.
«Достастықтың мәдени астаналары» — болашаққа көпір болатын жоба. Әр жылдары мәдени астаналар Әзірбайжанның Габала, Қазақстанның Алматы, Ресейдің Ульяновск және Воронеж, Түрікменстанның Мары, Белорусь елінің Гомель, Тәжікстанның 2700-жылдық тарихы бар Күляб сынды өзіндік мәдениеті бар қалалары болды.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астаналарының алғашқы сертификаттары Беларусь елінің Гомель және Ресей Федерациясының Ульяновск қаласына тапсырылды.
2012 жылы Қазақстанның Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), Түркіменстанның Мары қалалары ТМД-ның мәдени астанаcы болып жарияланды. 2013 жылы Астана мен Мары эстафетаны Әзірбайжан елінің Габала, Арменияның Гюмри және Беларусьтің Могилев қалаларына тапсырды.
Достастық мемлекеттері басшылары кеңесінің 2013 жылғы 25-қазандағы шешімімен 2014 жылғы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесіне Қазақстан Республикасының Алматы қаласы және Қырғыз Республикасының Ош қаласы ие болды.
2014 жылдың 10-қазанында ТМД-ға мүше елдер басшылары кеңесінің шешімімен 2015 жылы ТМД-ның мәдени астаналары ресейлік Воронеж және Тәжікстанның Куляб қаласы болып анықталды. 2016 жылы Түрікменстанның Дашагуз қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып бекітілді.
«Достастықтың мәдени астаналары» халықаралық бағдарламасы аясында 2017 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесі көлемі жағынан Әзірбайжанның екінші қаласы болып табылатын Гянджа көне қаласына берілді.
«Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы шешімімен 2018 жылы Армения Республикасының Горис қаласы, 2019 жылы Беларусь Республикасының Брест қаласы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» болды. 2020 жылғы «Достастық елдердің мәдени астанасы» мәртебесі Қазақстанның үшінші мегаполисі Шымкентке берілгені белгілі.
ТМД мемлекеттері басшылары Кеңесінің 2019 жылғы 28-қыркүйектегі шешімімен 2021 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып Душанбе қаласы жарияланды.
«Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы мәдениет саласындағы ТМД-ның негізгі жобаларының қатарына жатады. Ол мәдени алмасуды кеңейтуге және ТМД елдерінің мәдени әлеуетін барынша тығыз біріктіруге бағытталған. Қысқа уақыт ішінде бағдарлама мәдени байланыстарды кеңейту, ортақ гуманистік құндылықтарды ілгерілету, ТМД кеңістігінде бірлескен мәдени іс-шараларды өткізуге халықаралық қоғамдастықтың хабардарлығы мен мүдделілігін арттыру мақсатында шығармашылық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру жолындағы жоба екенін анық көрсете алды.
«ТМД-ның мәдени астаналары» жобасы ортақ мәдени кеңістік пен мәдениет диалогының идеясын ілгерілететін зияткерлік және шығармашылық алаңға айналды.
Ж. АРМАНОВА.